Ақтөбенің қоқысқа көміліп жатқанына бір ай болды. Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысқан компания тараған. Ал «екі айдан бері жалақы алмадық» деген серіктестіктің жұмысшылары компания кеңсесіне басып кірген – бірақ бірер күнде ақша алулары неғайбіл. Компанияның есепшоты бұғатталған... Бұл мекеменің орнына жаңадан 10 компания келген. Тұрғындар бұдан Ақтөбенің қоқысы азаймағанын айтады, оны біздің тілшіміз де көріп отыр. Ал жаңадан келген компаниялардың бірінің басшысы күн демей, түн демей жұмыс істейтіндерін хабарлаған. Қарамағындағы бар жоғы 4 көлік, 12-ақ адаммен...Сонымен, апта соңында өзгеріс байқала ма? Тілшіміз Жақсыбек Кемал тазалықшылардан «келесі апта түзеліп қалады» деген жауап алыпты. Жатып қалған қоқыстың кесірінен қаптап кететін кеміргіштер «мұртынан күліп отыр ма екен?»..
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз қазір Ақтөбенің «Сүт зауыты» деп аталатын ауданындамыз. Мұндағы тұрғындар қала тазалығына жауапты мекеме жұмысына риза емес. Мәселен, мына жерде қоқыстың тау болып үйіліп жатқанына 20 күндей болған. Жағымсыз иіс қолқаны қабады, ұзақ тұру мүмкін емес.
Бұл ауданда тұратындар соңғы екі айдан бері қоқысқа батып отырмыз деп ашынады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы алмайтындықтан, қоқыс жәшіктерінің түбі құрттай бастаған. Тұрғындар енді денсаулықтары үшін алаңдап отыр.
Сәлима Мақаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Келсе де мына жерлерді алады. Ана жерлерді ала алмай кетіп қалады. Сыймайды. Үлкен, нән машина, все равно сыймай қалады.
Абылай Құлманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
20 күндей болды алынбағанына. Осылай жатыр. Балаларды дворға шығара алмайсың, не жүре алмайсың.қасында продуктовый магазин да тұр...
Ал бұл шаһардағы ең үлкен көшелердің бірі. Шоқан Уәлиханов есімі берілген. Мұндағы тұрғындар да қоқыс жәшігінің толығымен бір айдан бері тазаланбағанын айтып отыр.
Александр Скляр, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Барлық аулада осындай жағдай! Бұл Уәлиханов көшесі, Алтынсарин көшесіндегі жағдай тіпті нашар! «Таза қала» мекемесінің жұмысын бекер тоқтатты. Біз оларға төлеп келдік, олар міндеттерін атқарды.
Сөйтіп Ақтөбекөктемде көкмайсаға емес, қоқысқа толып қалды. Осы уақытқа дейін қаланың қоқысын шығарумен «Ақжол ЛТД» және «Ақтөбе таза қала» деп аталатын екі мекеме айналысып келген еді. Қоқыстың уақытынды шығарылмауына «Ақжол ЛТД-нің» қаржылық қиындыққа тап болып, жұмысын тоқтатуы себеп болған. Олар қала басшылығынан тарифті көтеруді сұраған екен. Себебі қоқыс полигонына берешектері 5 миллион теңгеге жеткен оның үстіне арнайы көліктері 4 жылдан бері жаңартылмапты. Сұраныстары қанағаттандырылмаған серіктестік амалсыз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Руслан Жылқаманов, «Ақжол ЛТД» ЖШС өкілі:
Бір үйде 5-6, он адам тұруы мүмкін. Адамдар 1 адам үшін, екі адам үшін төлейді. Қоқысты біз полигонға апарып тапсырсақ, уже өз қалтамыздан ақша төлейміз салмағына қарай. Сосын үшінші себеп - қазір есепшотымыз қамауда, арест қойды, полигон қожайыны - «Ақтөбе таза қала» компаниясы.
Осы аптада «Ақтөбе Таза Қала» мекемесінің де маусым айынан бастап толық тарайтыны айтылды. Серіктестіктің 280 жұмысшысы соңғы екі ай бойы жалақы да алмаған. Оның үстіне жыл басынан бері зейнетақы шоттарына бір тиын да аударылмапты. Лас жұмыстың бәрін қолмен атқаратын жұмысшылар осылайша не ақша жоқ, не қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ, деп зар илейді.
Айнагүл Рахметова,«Ақтөбе Таза Қала» ЖШС жұмысшысы:
Толық айлығымызды берсін! Пенсионный фондымызды қай жылдан кірдім, сол жылдан төленсін! Документтерімізге дұрыстап жазып берсін! Жұмыссыз қалайын деп тұрмыз оның үстіне.
«Мекеме жұмысын тоқтатады» дегенді естіген қызметкерлер ақшамызды ала алмай қаламыз ба, деп алаңдайды. Амалы таусылған 100-ге жуық жұмысшы компания кеңсесіне басып кіріп, маңдай терімен тапқан ақшаларын толық төлеуді талап етті. Белгілі болғаны - мекеменің жұмысшылар алдындағы берешегі 15 миллион теңгеден асқан. Қарыздың бұлай өсіп кетуіне компания есепшоттарының бұғатталуы себеп. Басшылық барлық қарыз маусымның соңына дейін өтеледі деп уәде берді.
Әлібек Қарабаев , «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС бөлім басшысы:
Счет жабық тұр бізде қазір. Ареста тұр налоговыйда. Соны шешу жұмыстары жүріп жатыр қазір. Қарыз, штраф болған компанияда. Қазіргі уақытта мүмкіндік жоқ, мекемеде. Айлықтары сәуір, сосын мамыр және компсенсациялары берілетін болады.
Ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келген екі мекеменің орнына айдың басында жаңадан он серіктестік іске кірісті. Бірақ жағдай түзеле қоймады. Ал Ақтөбенің қоқысқа көміліп жатқанына көзі жеткен облыс әкімі 10-ыншы мамыр күні жауаптыларға екі күн уақыт берген болатын.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі: /10.05.2018 ж./
Бәріңізге өтініш, бүгін-ертең қаланы тазартайық! Қоқыстың қиқымы да жатпайтын болсын! Мынау масқара ғой! Кейін бір ретке келтіріп алғаннан кейін, әрі қарай оңай болады. Егер техника жетпесе, біреуден сұрап ала тұрыңдар, уақытша жалға алу керек.
Алайда тазалыққа жауаптылар тапсырманы орындай алмады. Апталап қоқыс шығарылмай жатқан аумақтар әлі де жеткілікті екенін жаңа айттық, көрсеттік. Ал табиғат жанашырлары қоқыстың көп уақыт жатып қалуы қаланың экологиялық ахуалына де кері әсерін тигізіп, түрлі аурлардың таралуына себеп болатынын айтады.
Татьяна Острецова, «Қазақстанның отбасылық дәрігерлері» қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының директоры:
Ең қауіптісі – бұл жағдай әр түрлі кеміргішттердің көбеюіне себеп болады. Ал, тышқандар мен егеуқұйрықтардан түрлі жұқпалы аурулар тарайтыны белгілі. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешу керек.
Жаңадан іске кіріскен он компанияның әрқайсысы күніне шамамен 500 контейнерден тазартып отыруы тиіс. «Камаз» көлігі бір қатынағанда 100 жәшіктегі қоқысты тией алады. Біз хабарласқан серіктестіктердің өкілдері осындай қарапайым есептерді алға тартып, жақын күндері қоқыс мәселесі толық шешіледі деп тағы уәде берді.
Мейрамгүл Жетібаева, №27 басқарушы компанияның өкілі:
Біздерде қазіргі таңда 3 мусоровоз, 7 камазымыз бар. Сол техникалармен біздер Благодарный сельский округ, Қарғалының елді мекендерінің және тағы да Кирпичный елді мекенін алдық. Одан қалған Ақжар1, 2-ні алдық, тағы да Заречный-1,2-3,-4-те қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барымызша тырысып, сол техникамызды жұмылдырып, мусорымызды жинап жатырмыз.
Жақсыбек Кемал, тілші:
«Тазалыққа жауапты мекемелерде адам саны мен техникалар жеткілікті». Осылай деген қалалық Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бізге келер аптаға дейін жағдай толық түзеледі, деді. Жұмыс нәтижесін қосымша хабарлауға да уәде берді. Ал, нәтижесін біз де күтеміз.
Жақсыбек Кемал, Нүркен Жалмұхан, «Біздің уақыт».