Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық мектеп түлектерінің көбі техникалық мамандықтарды таңдайды

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2018
  • 4345

Қарағандыда мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі техникалық мамандықтарды таңдауға ниетті. Соңғы жылдары ІТ, есептеуіш техника, энергетика, металлургия және тау-кен ісі факультеттерінде оқитын студенттер көбейген. Бұл өндіріс пен тұрмыста осы сала мамандарына сұраныстың артуына тікелей байланысты болса керек. Нарықтағы сұранысты алдын ала зерттеп алған түлектермен әріптесім Айжан Қуаш тілдесіп қайтты.  

Мектеппен қоштасып жатқан балғын жастардың ендігі мақсаты- жоғарғы оқу орнында білімін жалғастырып қана қоймай, сұранысқа ие мамандықтарды таңдауТүлектер қазіргі заманның талабы мен нарықты біршама зерттегендерін айтады.

Айжан Қуаш, тілші:

Қарағанды қаласында 2 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Түлектердің 80 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Сонымен бірге көбі техникалық мамандықтар таңдап отыр. Себебі кеншілер шаһарына жақсы инженерлер қажет.

Лицей түлектері Айдос пен Дастан ақпараттық технология саласын таңдаған. Компьютердің тілін жетік меңгерген сыныптастар ІТ маманына сұраныс жоғары екенін біледі. Қолға диплом алған соң кез келген компанияда, болмаса өндіріс саласында жұмыс табыларынан үміттіміз дейді.

Айдос Болат,  №101 мектеп-лицейінің түлегі:

Қазір цифрлық заман болғандықтан,  технология жағынан мамандарға сұраныс көп болып жатыр. Олар әрине білімді болу керек. Өзімді жақсы маман боламын деп ойлаймын. Өйткені менің бұл салаға деген қызығушылығым өте жоғары.

Дастан Әкімов,  №101 мектеп-лицейінің түлегі:

Қазір 21 ғасыр- ол ақпарат ғасыры болған себептен қазір компьютерге және соған байланысты  көптеген заттарға сұраныс әрине жоғары, жалақысы да әрине жоғары болады, себебі сұраныс көп.

Ал, шахтерлар отбасында өскен Максим әке жолын қуып тау- кен саласын зерттеуді қалайды. Көмір қазып көргісі келетінін де жасырмады. Қарағанды шахталарындағы маман тапшылығын ескерсек, бозбаланың далада қалмайтыны анық.

Максим Ткалин, Қарағанды қалалық №33 мектеп түлегі:

Шахтер, геодезияшы, мұнай- газ маманы - жинаған ұпайым қайсысына жетсе, сол мамандықты таңдаймын. Әкем де осы іспен өмір бойы айналысып, отбасын асырап келеді. Қиын болса да, болашағы бар нағыз ер азаматтың жұмысы деп ойлаймын.

Соңғы жылдары жоғарғы оқу орындарының  ІТ, есептеуіш техника, энергетика, металлургия және тау- кен ісі факультеттерінде студенттер көбейген. Бұл өндірісте заманауи техника мен технологияның дамуына, аталған сала мамандарына сұраныстың артуына тікелей байланысты.

Саят Құрымбаев, ҚАРМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

Көптеген үлкен өндірістер ашылып жатыр. Соған заманға сай мамандар керек.

Наталья Головина, қалалық білім бөлімі жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі:

Биыл 560 түлек инженерлік мамандықты таңдады. 400-дей бітіруші медициналық мамандықтарды қалаған. 2 жүзге жуық бала шығармашылық мамандықтарға бармақшы. Олар музыкант, дизайнер, суретші болғысы келетіндер.

Бүгінде техникалық мамандықтар осыған дейін жоғары сұраныста болып келген  заңгер, экономистерді ығыстырып үлгерген. Мамандар пікірі осылай. Бұл жаратылыстану факультеттеріне берілетін білім гранттарының жыл сайын артуына да байланысты.

Айжан ҚУАШ