Русский Сайттың толық нұсқасы

Юлия Галышева ШҚО XXI халықтық ойындардың алауын жақты

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2018
  • 2848

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған XXI халықтық спорт ойындары басталды. Бұл шараның алауын қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева жақты. Спорттық сайыста 20 түрлі ойын түрлері бойынша 170 медальдар жиынтығы ойнатылады. Дәстүрлі олимпиадалық ойындардан бөлек спортшылар шығыс өңіріне ғана тән ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынайды.

Астананың 20 жылдығына орайластырылған кіші Олимпиада ойындары ерекше сән салтанатымен ашылды. Байқау өтетін орынға ақ шаңқан киіз үйлер тігіліпті.  Биылғы бағдарламаға 15 ұлттық ойын түрі енгізілген. Қазақтың ұлттық ойыны «асық ату», орыстың «қалашық»  және «лаптасы», сондай-ақ «қапшықпен ұрғылау» сынды бірнеше түрлері бар. Мұнда келгендер көне ойындарды үйреніп қана қоймай, тарих қойнауына сапар шеккендей болды. Салт-дәстүрге қанықты. Сонымен қоса үйлену рәсіміне қатысып, ата-бабаларының қайын енесіне құймақ жеуге қалай барғанын да білді.

Даниял Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мұның бәрі Қазақстан халқының бірлігін көрсетеді. Біздің міндетіміз экономикалық көрсеткіштерден де жоғары болуы мүмкін. Жас буын, келешек ұрпақ қазақстандықтардың қандай үлкен мүмкіндіктерге ие екенін білгені жөн. Бір сөзбен айтқанда, бір тағдыр біріктірген республиканың азаматтарымыз.

Олимпиада әдеттегіше жарысқа қатысушылардың сап түзеп жүруімен басталды. Алдымен, қолдарына аудан мен қала аттары жазылған тақтайшаларды ұстаған азаматтар өтті. Соңынан атақты спортшылармен қоса шенеуніктер мұғалімдер мен өзге де мамандық иелері ілесті. Сайыс алдында Олимпиада чемпионы Юлия Галышеваға аймақ әкімі үш бөлмелі пәтер мен автокөлік кілтін табыстады. Бұдан бөлек 16 млн теңге сыйақы берді. Олимпиада ойындарының алауын жаққан Юлия шараны ашып берді.

Юлия Галышева, 2018 жылғы Қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері:

Өте әсерлі. Толқып тұрмын.  Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілгенде де мұндай ғажап сезімде болмаған шығармын. Әсіресе өзімнің туған жерім Өскеменде. Өмірімде алғаш рет қолыма алау ұстадым.

Алдағы күндері қатысушылар қазақтың ұлттық ойыны көкпар, күрес, аударыспақтан бақ сынайды. Одан бөлек спортшылар волейбол, армреслинг секілді бірқатар спорт түрінен де жарысқа түседі. Сәйгүліктер 5 шақырымнан 25 шақырымға дейінгі қашықтықта шабатын бәйге де бар. Көрерменді ең көп жинайтын сайыс осы болмақ. Жеңімпаздар облыс намысын республикалық жарыста қорғайды.

Айзада Төребекқызы