Русский Сайттың толық нұсқасы

Менингит жұқтырған баланың ахуалын дәрігерлер тұрақты ауыр деп бағалады

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2018
  • 2987

Астанада менингит дертін жұқтырған баланың ахуалын дәрігерлер тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Кеше кешкісін ауруханаға түскен сәбиге осындай диагноз қойылды. Бұл жыл басынан бері тіркелген алғашқы жағдай. Баламен жақын қарым-қатынаста болғаны 14 адам анықталған. Олар да жан-жақты тексеруден өткізлуде.

Бірнеше сараптама нәтижесінде сәбиден менингококк инфекциясы анықталған. Ол шұғыл түрде жан сақтау бөліміне жатқызылып, ем-шара жұмыстары жүргізілген. Қазір науқастың хәлі тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Баланың жұлынынан сары су алынып, емдеу жоспары бекітілген. Дәрігерлер дер кезінде қойылған диагноздың арқасында науқастың сауығып шығарынан үмітті. Кешеден бері жүргізіліп жатқан ем- шаралар өз нәтижесін беріп келеді дейді.

Роза Өтегенова, балалар инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Ауыр түрде кеше реанимацияға түсті. Бүгін біздің кішкентай науқасымыздың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Кешегіден жағдайы нашар емес. Ем-домын алып жатыр. Біздің беріп жатқан емге беріп жатқан нәтижесі жаман емес.

Бала ата-анасымен бірге ұзақ уақыт бойы Алматы қаласында болған. Сырқатты сол жақтан жұқтырды деген күдік бар. Астанаға келіп, 24-ші мамыр күні хауызға түседі. Қазір баламен тұрмыстық қарым-қатынаста болған адамдардан түгел қан сараптамасы алынып, тексеріліп жатыр.

Ақмарал Мейірманова, Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

Жақын қатынаста болғандарды кеше кешкі 9-ға дейін анықтадық. Бүгін сағат 10-ға дейін барлығы бактериялық тексерістен өтті. Бізде 1-2 жағдай тіркеледі жылына, осыған орай бізде барлық сақтық шаралар қолданылады.

Мамандар осы жағдайға орай даурығудың еш қажеті жоқ екенін айтты. Бала менингит түрлерінің ішінде жеңіл өтетін түрін жұқтырған көрінеді. Ең бастысы, диагнозын ертерек анықтап, ем-шараларды дер кезінде жүргізсе болғаны.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Ақ халаттылар бала шамамен 10-15 тәулік бойы ем қабылдайтынын айтты. Кейін бірнеше сараптама жасалады, дертінен толық айыққан соң шығарылады. Сондай-ақ мамандар ата-аналардың перзентіне барынша мұқият болуын ескертеді. Егер баланың қызуы көтеріліп, бас ауыруы мазалап, алақанына бөртпе шықса, жедел түрде дәрігер шақырып қаралуға кеңес береді.