Русский Сайттың толық нұсқасы

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталды

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2018
  • 3510

Бүгін Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталды. Бұл ірі жоба туралы біршама уақыттан бері айтылып келеді. Ауқымды автобан алты жолақты болады. Ұзындығы 66 шақырымды құрамақ. Маңызды жол пайдалануға берілген соң,  Алматы қаласы мен облысының қатынас төңірегіндегі біраз түйткілді мәселесі шешіледі деген үміт бар. Құрылысына қомақты қаражат құйылатын ірі жолдың құрылысы 4 жылда бітеді деп жоспарланған. 

Бұл жолдың құрылысын Алматы жұртшылығы көптен күтті. Мамандардың пайымынша, айналма жол қаладағы көлік легін 60 пайызға азайтады. Әсіресе Қарасай, Іле, Талғар аудандарының халқы үшін қалаға кірместен, ары-бері қатынауға мүмкіндік береді. Өзге ірі қалаларға кетіп бара жатқан транзиттік жолаушылар да уақыт үнемдейді. Алты жолақты автобанмен сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілмек. 

Тау бөктерінде қаланың оңтүстік жағынан басталатын айналма жол Талғар ауданы аумағымен Покровка кенті арқылы Қапшағай тас жолына дейін жетеді. Қараой, КазЦИК елді мекендері, Кемертоған ауылдық округі арқылы Бішкек-Алматы күре жолымен түйіседі. Ары қарай Қаскелең маңындағы Қарғалы ауылының тұсына барып тіреледі. 

Үлкен Алматы айналма жолының ұзындығы 66 шақырым. Автобан жол-жөнекей 19 автомобиль, 2 темір жол торабымен қиылысады. Жолдың әрбір түйіскен жерінен 7 жол айырығы мен 13 көпір салынады деп жоспарланған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Күре жол құрылысына шетелдік инвесторлар қомақты қаражат салуға дайын Үкімет бұған дейін Түркия және Корея компанияларымен келісім-шартқа қол қойған. Жобаны салуға бастапқыдан 10-нан астам консорциум ниет танытқан. Ақырына 180 млрд. теңгені игеру үшін екі компания таңдап алыныпты.

Жол Алматы облысының халқы үшін де өте маңызды. Облыс әкімдігінің араласуымен жобаға байланысты 742 жер учаскесі мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылды. Енді жол бойындағы инфрақұрылым мен туризмді дамытуға мүмкіндік берілмек. Ал шетел компаниялары 3 мыңға жуық адамды құрылысқа тартпақшы.

Аббас Шахин, «ALSIM ALARKO» компаниясының вице-президенті:

Меніңше, бұл Қазақстандағы ең таңдаулы заманға сай жолдардың бірі болады. Ал құрылыс барысында  ең алдымен қауіпсіздікке мән береміз. Себебі жол елді мекендерге, Алматы сияқты ірі қалаға өте жақын жерден өтеді. Тұрғындардың амандығы мен инженерлік желілердің бүлініп қалмауын қадағалаймыз. Одан өзге проблема жоқ, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталады деген ойдамын. 

Бұл жолмен қатынау ақылы болады. Инвесторлар жобаға осындай шартпен қатысып, өз қаражаттарын шығарып алмақ. Айналма жолға кірген әрбір көлік үшін бір реттік төлем  210 теңге болып бекітілген.

Мереке Пішембаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

Инвесторлар, яғни консорциум өз қаражатынан қаржыландырады. Бірақ Еуропа, Азия және даму банктері осы қаржыландыру жобаларына қатысады. 15 жарым жыл ақылы болады, сол келген ақшадан қайтарылады инвесторларға ақшаларының бәрі.

Жоспар бойынша жоғары жылдамдыққа есептелген жол бөліктеріне бетон, ал жол айырықтарына асфальт жабындысы төселеді. Жобаға тәжірбиелі кәсіпорындар ат салысуда. Олардың арасында Оңтүстік Кореядағы ең ірі ұлттық жол компаниясы да бар.

Ришат Асқарбекұлы