Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада 200-дей үлескер жақын арада қоныс тойын тойлайды

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2018
  • 3011

Астанада  200-дей үлескер жақын арада қоныс тойын тойлайды. Мұндай тамаша мүмкіндікке «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында қол жетіп отыр. Құрылысы қаңтарылған көпқабатты үйлерді салып бітіруге қажет қаржы мемлекеттік бағдараламаның операторы «Бәйтерек Девелопмент» арқылы бөлінген.

Елордадағы проблемалы нысандар қатарын бір кездері «Шығыс 3 А»  және «Шығыс 3 Б» тұрғын үйлері толықтырған. Мердігер компанияның қаржылық қиындықтарына байланысты құрылыс алты жылға созылды. Ал қазір мұнда жұмыс қайта қарқын алған. Жаңа құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенінің соңғы блоктарын тұрғызып жатыр. Ұзақ мерзімге тоқтаған құрылысқа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шарапатымен қайта жан бітті.  

Дәулет Досқұлов, Астана қалалық ортаны бақылау мен сапа басқармасы бастығының орынбасары:

«Нұрлы жер» бағдарламасы ұлттық қордан қайтарымды негізде 40 млрд теңге бөлуді көздейді. Қаражат өкілетті компанияға беріледі. Әкімдік арнайы «Елорда Құрылыс компаниясын» құрды. Ал «Бәйтерек девелопменттің» олармен несиелік келісімі бар.

Арнайы құрылған компания құрылысы тоқтап қалған проблемалы нысандарды салып бітіру ісін қолға алды. Бас аяғы жиырмаға тарта тұрғын үй кешендері. Олардың сегізі бойынша қаржыландыру мерзімі белгіленген. Қалғандары бойынша да қызу жұмыс жүріп жатыр. Өйткені бөлінген ақшаны мемлекетке тезірек қайтару керек.

Уәлихан Досаев, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директоры:

Жыл соңына дейін бірнеше келісімді қабылдаймыз деп отырмыз. Жұмысқа қажетті құжаттарды даярлау керек. Ол жобалық-сметалық құжаттар, қаржылық-техникалық аудит, сонымен қатар келісімшартты қабылдаумен байланысты шаруалар.

Бүгінде елордада баспанасына қол жеткізе алмай жүрген 10 мыңнан астам үлескер бар. 52 тұрғын үй проблемалы нысандардың қара тізімінде тұр. Алайда жылдар бойы табанынан тозып шарасы таусылған бір жарым мың үлескердің арман болған баспанаға қол жеткізетін күні алыс емес. Жыл соңына дейін олар өз пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойламақ. Бұл арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия мен «Елорда құрылыс компаниясының» бірлескен нәтижелі жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ