Русский Сайттың толық нұсқасы

Балаларды қорғау күнінде жеткіншектер колониясында Ашық есік күні өтті

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2018
  • 4770

Балаларды қорғау күнінде Алматыдағы жеткіншектер колониясында Ашық есік күні өтті. Жасөспірімдер жазасын өтейтін еліміздегі жалғыз орында бұл күні ерекше мереке. Балар да, олардың ата анасы мен туыстары да қуаншты. Ал Шымкентте қоғам белсенділері құжат бойынша қиындық көріп жүрген балалардың мәселесін шешуге белсене кіріскен.

Олжас Нұржақып,  тілші:

Биік қабырғалардың ішіне қамалған балалар бүгін ата-анасымен қауышты. Сағынышын басып, көптен көрмеген жақындарымен тілдесіп, мәре- сәре болды. Олар бүгін сондай-ақ мерекелі концерттік бағдарламаға дайындалып, өнерлерін көрсетеді, спорттық сайыстарға қатысады.

Соның бірі - Әлихан. 99 баппен сотты болған жеткіншек 3 жарым жыл жазасын өтеген. Әлі алда 4 жарым жылы бар. Белсенді жас түрлі іс-шараға атсалысып, спорттық ойындарда жүлделі орындарға ие болып келеді. 

Әлихан Асан, жазасын өтеуші:

Әрбір баланың арманы ғой - бұл жерден шығу. Бәріміз асығамыз. «Өз үйің өлең төсегің» дейді ғой. Өз үйіңе жетпейді.

ЛА 155/6 түзеу мекемесінде жыл сайын екі рет ашық есік күні өткізіледі. Осы сәтті балалармен қатар ата-аналар да асыға күтеді. Кейде мекеме ұжымы демеушілер көмегімен жырақтағы жақындарына қуаныш сыйлау үшін көмегін де аямайды.

Елена Осипова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Баламды қараша айынан бері көрмеп едім. Бүгін сәті түсіп кездесіп отырмын. Демеушілерге, түзеу мекемесінің ұжымына рахмет. Олар менің  жол жүру билетімнің бір бағытына көмегін берді. Келген сайын ұлымның жағдайы жақсы екенін көріп, көңілім толып қайтады.

Қазір мұнда 47 бала жазасын өтеп жатыр. Еліміз бойынша жеткіншектерге арналған жалғыз түзету орнында негізінен ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар қамалады. Бірақ түрме деген суық аты болмаса, олардың түзелуіне, қайта қоғамға араласуына барлық мүмкіндікті жасаймыз, дейді мекеме басшысы. 

Ертай Шәкенов, ЛА 155/6 түзеу мекемесінің бастығы:

2-3 сағат болса да, балаларының жанында болып, солардың қуаныштарын бірге бөлісіп, сөйлесіп, қал-жағдайларын білу. Қай жерде қандай тамақ ішетінін, бәрін көрсін деген мақсатта өткіземіз.

Бостандығынан айырылғандарды балалығынан айырмау үшін жасалған мереке жасөспірімдерді үлкен қуанышқа бөледі. Ал шахардағы балғындар мерекелі күнді музыкалық оркестр шеруімен бастады. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Олжас Нұржақып, тілші:

15 жасқа толмағандар бүгін қоғамдық көліктерде тегін жүрді. Мереке ертең де жалғасады. Шымбұлақ демалыс орнында пони, батут, теннис сынды ойындар ұйымдастыру жоспарда бар. Ал оңтүстікте жеткіншектерді құжаттандыру бойынша бірқатар проблемалар бар екен. Ол туралы әріптесім айтуға дайын. Айзада, сөз сізде.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Иа, Олжас, Оңтүстік Қазақстанда әлі күнге дейін туу туралы куәлігін алмаған балалар бар. Тіпті бір мектепте 40 бала құжатсыз оқып келген. Мұндай мәліметті «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері айтты.

Шымкент тұрғыны Марима Омарова әлі күнге Кеңес кезіндегі паспортпен жүр, үш баласы мен бес немересі де құжатсыз. Салдарынан балалары оқуға түсе алмаған. Жұмыс та жоқ. Құжаттарды қалай рәсімдеуді білмедім деген әйел мемлекеттен берілетін жәрдемақылар мен жеңілдіктен қағылған. Бәріне құқықтық сауатының болмауын себеп қылады.

Марима Омарова, Шымкент тұрғыны:

Немерелерімнің үлкені 12 жаста. Туу туралы куәліктері жоқ бәрінің. Тегін  дәрігерге қаралу секілді көптеген мүмкіндіктен қағылып жүрміз. Қазір барлық жерде құжат сұрайды.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» ҚБ өкілі:

51 балағы біз бүгінгі таңда туу куәлігін алып бердік қолдарына. Қалған балалардың қазір жұмыстары процессте болып жатыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Заңгерлер балалардың туу туралы куәлігі болмауының бірнеше себебі бар дейді. Көбіне ата-аналардың өзінде құжат жоқ болады екен. Кейбірінің мерзімі өтіп кеткен. Енді бірі айыппұлдан қашып уақыт жоғалтады. Мұның салдарынан балалар зардап шегеді. Осылай деген бірлестік өкілдері тиісті заңға өзгерістер енгізу керек деген пікірде.