Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының бұған дейін ұсталған кеденшілердің ісіне қатысы бар

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2018
  • 3827

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары аса ірі көлемде пара алған деген күдікке ілікті. Нұржан Теңлібаев сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Ол бұған дейін жаппай құрықталған 15 кеденшінің ісіне байланысты ұсталып отыр.

Бұл ақпаратты бүгін Шымкенттегі Әл - Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан айтты. Оның дерегінше, айыпталушы бұл лауазымды қызметті 2014 жылдан бері атқарып келген. Оның құзырына аймақтағы кедендік бекеттердің қызметін тікелей бақылап, қадағалау кірген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сайтында жарияланған ақпаратқа сай, ұсталған азамат қылмыстық жүйеге өзіне қарасты төрт бірдей кедендік бекет басшысын тартқан. Ақпарат құралдары ол 2017-2018 жылдар аралығында сыртқы экономикалық қызметтегі көрсеткен "қамқорлығы" үшін кәсіпкерлерден 1 млн 200 мың АҚШ доллары шамасында заңсыз сыйақы алып келгенін хабарлады. Бірақ судья бұл сомманы ресми растамады. Тергеу органдарының аса ауыр қылмыс жасады деген күдігі расталса, күдікті 15 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін екенін айтты.

Ғани Байарыстан, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

Аталған күдікті Қылмыстық-процесстік кодекстің 366 бабының 4 бөлігімен күдікті деп танылған. «Лауазымды тұлға бола тұра, адамдар тобымен сөз байласып, аса ірі көлемде пара алған» деп, қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдарымен күдіктеліп отыр. Қазіргі бізде қаралған материал бойынша 144 мың АҚШ доллар және 4 млн 500 мың сомасындағы ақшаны пара ретінде алған деп айыпталып отыр.