Русский Сайттың толық нұсқасы

Талдықорғанда 17 жасар жігіт менингиттен қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2018
  • 2614

Меңдеген менингококк инфекциясы тағы бір жастың өмірін жалмады. Талдықорған ауруханасына түскен 17 жасар науқас бақилық болды. Алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып тікелей байланыста. Олжас, қайтыс болған жас жігіт жайлы қандай ақпарат бар?

Олжас Нұржақып, тілші:

Ол Талдықорғандағы медициналық колледждің бірінші курс студенті болған деген ақпарат бар. Жас жігіт бір күн бұрын ауруханаға түскенімен, ақ халаттылар оның өмірін арашалай алмаған. Оның себебін дәрігерлер түсіндірген жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ешбір ақпарат жарияламай отыр.

Осылайша, менингокок инфекциясынан мәңгілікке кеткендер саны өңірде онға жетіп отыр. Алматыда 6 адам, Алматы облысында - 4. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар менингиттің озбыр түрімен ауырған.

Айзат Молдағасимова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

Біріншіден, науқастардың уақытысында медициналық көмекке қаралмауы, өздері емделуі. Біреуі сегізінші күні, біреуі төртінші күні. Бассейнге баруды азайту керек дегеніміз  - ол переохлаждение. Иммунитеттің түсуі мүмкін. Соның барлығы ауруға себепші болуы мүмкін. Осы инфекция бір 12-18 сағаттың ішінде шығып, 18 сағаттың ішінде өлімге алып келуі мүмкін. Өзінің ерекше түрі сол.

Алматылық дәрігерлер менингиттен өлудің 5 себебін айтыпты. Тұрғындар нені ескеруі керек?

Басты себеп - уақытында дәрігерге қаралмау. Ауруды науқастың өзінің және дәрігерлердің бағаламауы, бассейнде бойға суық өту, жеке клиникаларға қаралауы. Бұл жағдайлар өлімге әкеліп отыр. Бақилық болған 4 адам екінші күні дәрігерге қаралса, 1 адам төрт күннен кейін келген. Алматыда бүгінде инфекциялық ауруханаға ағылғандар саны артқан.  Күніне 400-ге жуық бала мен 150-дей ересек келеді, - дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар. Ал нақты диагноз қойылғандар саны  41-ге жеткен. Дегенмен мамандар дүрлігуге негіз жоқ деп отыр. Дерт науқаспен кемі 3 сағаттық байланыс кезінде ғана жұғады деп отыр.

Амангүл Дүйсенова, Асфендияров атындағы ҚазММУ инфекциялық және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі.

Менингококк инфекциясы тығыз қарым-қатынаста жұғады. Яғни отбасылық байланыс, жатақханада бір бөлмеде тұру. Сондықтан халық адам көп жиналатын жерлерге уақытша баруына болады. Бірақ көп емес.

Ел ішінде дүрлігу байқалады. Дәріханалардың барлығында медициналық маскалар жоқ. Ал жедел жәрдем шақыртқандар бір тәулікте 2,5 мыңнан 3,5 мыңға дейін артқан.