Гватемалада Фуэго жанартауының атқылауынан қаза тапқандар саны 69 адамға жетті. Тағы 200-дей адам табылмай жатыр. Сот ғылымы ұлттық институтына сілтеме жасаған Рейтерс агенттігі табиғи апат құрбандарының көбісінің аты-жөндері анықталмағанын хабарлады. Қол іздері мен сыртқы келбетіне қарап 17 адамның кім екені анықталған. Жанартау атқылаған аймақтағы 4 елді мекенде жағдай қиындаған. Құтқарушылар жұмысына тоқтаусыз атқылаған отты көшкін кедергі келтіріп жатыр.
Рафаэль Салгуеро, құтқарушы:
Қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Отты көшкін белсенді. Дем алу мүмкін емес. Бұл құтқарушылар жұмысын қиындатып отыр. Ауа температурасы шамамен 40 градус цельсий. Ал жоғалған 200-дей адам күл не отты көшкін ортасында бізден көмек күтіп жатқан болуы мүмкін.