Русский Сайттың толық нұсқасы

Дария жағалаған жалғызбасты әке. Оны да баспана мәселесі шаршатқан.

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2018
  • 2705

Дария жағалаған жалғызбасты әке. Оны да баспана мәселесі шаршатқан. Ал Қызылордамен іргелес жатқан Тасбөгет кентінде тұратын – тұратын деймін-ау, әйтеуір күнін көріп отырған Алдаберген Қалқымов, жалғызбасты әке. Былтыр әйелі қайтыс болған, 9 баланың 5-і кәмелетке толмаған. Бір бөлмелі баспанасын кезінде рәсімдеп алмаған, соның кесірінен апатты үйде қалып отыр. Меншікті тілшіміз Шарипа Сақтаповаға Алдаберген кейде дария жағалап кететінін айтқан...

Алдаберген Қалқымов, жалғызбасты әке:

Бір бөлме ғой. Бәріміз қыстырылысып, жатамыз енді. Кейде ағайындардың үйіне кетіп қаламыз, айтып отыр ғой, ағам. Дария жағалап кетесің, болмағандықтан, үйге сыймағандықтан. Қыз бала бар, бәріміз, ыңғайсыз ғой, болмайды ғой.

Жасы елуге де толмаған Алдабергеннің жанына батып, алаңдататыны - балаларының болашағы. Бала-шағасының рахатын жарымен бірге көру  бұйырмағаны. Әйелі өткен жылдың күзінде бақилық болып, 9 баласымен қала берді. Ал мынау алақандай бөлмені 12 жан жиырма жылдай паналап, тұрып келген. Қызы да, ұлы да, әке мен шеше де барлығы бір бөлмеде. Десе де балаларын ешкімге жалтақтатпай, біреуден нан, біреуден су сұрап, қаңғытып жібермеген. Өз тіршіліктерін жасап, күн көрген. Шаңырағын 18 жасында көтерген отағасы оқып та үлгермеген, несібесін шопырлықтан көріп келіпті. Кезінде Арал жақта балықшы болған Алдаберген 90-жылдардың соңында Қызылордаға іргелес  Тасбөгетке қоныс аударған. Есік-терезесі, едені мен пеші жоқ қаңырап жатқан осы лашықты паналаған.

Ермек Қарғабаев, Алдаберген Қалқымовтың ағасы:

Есік-терезесін салды, ішіндегі мусорларын барлығын далаға тасыды, сөйтіп тазалап, кірді.

Бірақ 20 жыл ішінде осы бір бөлмелі пәтерді атына өткізіп, рәсімдеп алуды ойламапты. Жекешелендіру керектігін білмеді. Ал 12 пәтерлік үй «апатты» деп танылды, «тұрғындары көшіріледі» деген сыбыс шыққанда, тез арада құжатыңды әзірлеп берем деген бір келіншек күнін зорға көріп отырған Алдабергеннен 200 мың теңге алып кетеді. Азамат ол ақшаны қарызға алып берген. Содан алаяқ әйел із-түссіз кеткенін айтқан отағасы, өзінің аңқаулығына күйінеді. Көршілері болса осыдан екі ай бұрын су жаңа үйге көшіп кеткен. Табиғатынан жуас Алдабергеннің қазір жоғын түгендеп жүрген әкесінің інісі. 

Ермек Қарғабаев, Алдаберген Қалқымовтың ағасы:

Апатты деп там списаниеге жасалды, сондықтан үй берілді деді, бізге. Бұған неге бермедің, деп сұраған кезімізде, бұл баланың документы болмады деді.  Сот оның 20 жыл отырғанын анықтады, светін және тамның налогын осы уақытқа дейін төлеп отырғанын анықтады. Бірақ там списаниеге шығып кеткеннен кейін бұның атына аудара алмаймыз деді. Далада қалды. 

Жалғыз қалған азамат күйік пен қайғыдан әбден қажыған. Алдаберген жұмысын тастап, кәмелетке толмаған бес баласын бағуға мәжбүр. Күнелтіп отырғандары – балаларға төленетін 45-50 мың жәрдемақы. Тамағы да, киімі де, балалардың жол ақысы да соның ішінде.

Алдаберген Қалқымов, жалғызбасты әке:

Келіншегім тірі кезде вахтовый жұмыс істейтін едім ғой, Құмкөлде істедім, басқа жерде істедім. Енді қазір келіншегім кеткеннен кейін, балдарға қарап отырмын, жұмысқа шыға алмай. Балдардың 45-50 мың пенсиясы бар алатын, сонымен күнелтіп отырмыз күнімізді көріп, бұйырғанын ішіп, жеп. Бірақ ешкімнен нан сұрап отқан жоқпыз.  Бір ай болсын, екі ай болсын жұмыс істеймін ба деген ойым да бар енді. Бір пенсияға қарап отырған ол не болады? Ертен сентябрьде сабаққа бару керек.

Мынау қаңыраған екі қабатты үйде ешкім қалмағандықтан, әкеміз балаларға алаңдайды, - дейді үйдің үлкені Мариям. Қыз байқұс жат елдік болғанымен әкесі мен бауырларына жаны ашып, езіле жылайды.

Мариям Қалқымова, үйдің үлкені:

Төрт қыз әр қайсымыз тұрмысқа шығып кеттік жан-жаққа. Балдар сабаққа кеткенде, арасында келіп, тамағын істеп беріп тұрамыз, қыздар алма кезек келіп, қолымыздан келгенше көмектесеміз әкемізге. (жылайды)...Осы үй жағы шешілсе екен деймін. Анам қайтқалы бауырларыма қиын болды. Барлығын ойлаймын бауырларымды.

Ермек Қарғабаев, Алдаберген Қалқымовтың ағасы:

Ендігі жағдай совсем қиын болып тұр. Бұл қыстай кочегар, әрі осы үйдің келіні, әрі әйелі, әрі осы үйдің тамағын асырайтын еркегі ғой. Тәуекел, енді осыменен өмір сүрер, жылата берер дейсің бе, Алла Тағала деп мына кішкентай балаларын бағып отыр. 

Мемлекеттік бағдарламалармен берілетін үй кезегіне 2007 жылы әйелі Батыр ана ретінде 172 –ші болып тіркелген екен. Әйелі қайтыс болғасын Алдабергеннің атына өткізілген кезек енді екі мыңнан асып кеткен. Тасбөгет кентінің басшылығы балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін тізімге қосамыз деген екен, уәдесін орындамаған. Біздің арнамызға сұхбат беруін сұрап хабарласқанымызда, Тасбөгет әкімі Пахуатдин Шамұратов арнайы қағаз жіберуімізді талап етті. Яғни, айтары жоқ болғаны ғой.

Телефон арқылы: Пахуатдин Шамұратов, Тасбөгет кентінің әкімі:

- Жоқ, сіз хат жіберіңіз «Астанадан», сіз маған телефон соғып тұрсыз ғой. Хат жіберіңіз, үйге байланысты интервью беріңіз, деп.

Ондай отбасы бар екенін әкім мырза тіпті зорға есіне түсірді. Ал Қалқымовтардың ертеңгі күндері не болмақ, шенеуніктердің бас қатырмайтыны белгілі болды. Құжаттарын рәсімдеуге кірісетін маман да болмайтыны анықталды. Шамұратов жалпы ондай жағдайы ауыр отбасы жеткілікті екенін есімізге салуға асықты.   Балаларын иманды, тәртіпті қылып тәрбиелеп отырған жалғыз басты әке ертеңгі күні ұлдары өсіп, жағдайымыз сол кезде түзеледі, деп сенеді. Бірақ осы қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасауға асыққан жамағат, мүмкін, осы отбасының зары мен мұңын естіп қалар деген үміт бар... 

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».