Таразда 29 жастағы Қырғызстан азаматшасы іріңді менингит диагнозымен ауруханаға түсті. Ақ халаттылардың айтуынша, науқас вирусты осыдан жеті күн бұрын жұқтырған. Мұны Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мамандары хабарлады. Науқас Таразға көрші қырғыз елінен мамыр айының соңында келіпті. Енді ол жақын қарым-қатынаста болған адамдар тексеріле бастайды. Елдегі менингит ахуалы жайлы Дәуренбек Бақдәулет толықтырады.
Жамбыл облыстық инфекциялық аурулар ауруханасына науқас кеше сағат 10-дар шамасында ғана жатқызылған. Ауруханаға тамағы ауырған соң келіпті. Дәрігерлер тексере келе тамақ тұсы ісіп, іріңдеп тұрғанын анықтайды.
Сағыныш Нұрқабылова, Жамбыл облыстық инфекциялық аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Қазіргі анықталғаны іріңді менингит. Біз алған жұлын сұйықтығын 2 зерттеуге жібереміз. Біреуін кәдімгі клиникалық зерттеуге, құрамында қанша лейкоцит бар, қанша лимфоцит бар, жасушасы қанша, қанты қанша деген сияқты. Лимфоцитке қарағанда лейкоциті көбірек болғаннан кейін, оны іріңді менингит деп айтуға болады. Жазылады, іріңді менингит жазылады.
Ал, Алматыда 5 жасар бүлдіршіні мен болашақ келінінен айырылған келіншектің отбасындағы ауру інісінен жұққаны мәлім болды. Ол өзі сау бола тұра, инфекция тасымалдаған. Қазір ол да ауруханада, тексеріліп жатыр.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
Инфекция таратушы жақын туысы болып шықты. Ол өзі ауырмаған, бірақ инфекция таратушы көзі болған. Мұндай жағдайлар болады кейде. Кішкентай балада, болашақ келіні де осы азаматтан жұқтырып, қайтыс болған.
Ал Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Астанада күдікке іліккен екі науқастың жағдайы тұрақты.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
Болжамды диагноз қойылды. Нақтыланбаған менингит деген. Қорытынды диагнозы алынған сараптамалар нәтижесінен кейін белгілі болады.
Сондай-ақ елдің бас санитары алдағы ҰБТ-де талапкерлерді емтиханға тексеріп кіргізетіндерін айтты, сондай-ақ ақ халаттылар кезегі де күшейтіледі. Емтихан тапсырмас бұрын дәрісхананы желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу керектігі де ескерілді. Тек осы жағдайда аурудың алдын ала аламыз дейді ол.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Мұнан өзге қазір ісі қауырт болып отырған бас санитар әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ, алдағы келе жатқан қасиетті қадір түнімен құттықтаған бас санитар-дәрігер денсаулығы нашар адамдардың кісі қарасы көп болатын мешітке бармай, мүмкіндігінше үйде құлшылық етуіне кеңес берді.