Русский Сайттың толық нұсқасы

«Рухани Павлодар» қорына мұғалімдерден күштеп ақша жинаған мектеп басшылығына шара қолданылады

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2018
  • 3452

«Рухани Павлодар» қоғамдық қорына ұстаздардан күштеп ақша жинаған мектеп басшылығы жазаланады. Өңірдің бас мұғалімі осылай деді. Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, аталған қорға бір күндік еңбекақы немесе қандай да бір мөлшердегі қаржыны аудару мәжбүрлі түрде болмауы тиіс. Ал мектеп басшылығынан қысым көргендердің шағымдануына болады.

Дінислам Болатханұлы, Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы:

"Қанша ақша жиналды", "кім тапсырды", "кім тапсырмады" деген сияқты біздің тараптан есеп те жүргізілмейді және тек қана бір айтылған мәселе, егер де мұғалімдерге бұл мәселеде қысым жасалса, біз онда заңнамаға сәйкес әрекет жасауға міндетті болып табыламыз.

Шенділер бұл істе күштеу болмайды дегенімен, қаладағы бірнеше мектеп мұғалімдері мәжбүрлі түрде ақша тапсырып жатқандарын айтып шағымданып жатыр. Аты-жөні мен бет жүзін көрсетуге қарсы болған ұстаздар, ашық айтсақ қысым болады деп, қауіптенеді.

Бізге өтініш жазыңдар деп міндеттеді. Яғни мұғалімдер өз еркімен ақшаны тапсырып жатырмыз деп өтініш жаздық. Мысалы, мен екі мектепте жұмыс істеймін. Біріне 2 мың теңге, екінші мектепке мың жарым теңге тапсырдым. Қолма қол ақшаны жинап бердік. Бермейміз деп едік, мектеп әкімшілігінде проблема болады деп қысқа қайырды. Сондықтан амалсыз жинап бердік.