Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада дәстүрлі "Нұр сұңқар" байқауы жүлдегерлерінің есімдері белгілі болды

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2018
  • 3548

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар! Астанада  дәстүрлі "Нұр сұңқар" байқауы жүлдегерлерінің есімдері белгілі болды. Журналистердің кәсіби мерекесі  қарсаңында қалам иелеріне сый-сияпаттар табысталды. "Нұр Отан" партиясы жариялаған байқаудың қорытындысына сай өз ісінде озат деп танылған тілшілер марапатталды. Салтанатты шара өтіп жатқан орыннан Мөлдір Бақыт-қызы баяндайды.

Маржан Арапбаеваның телеарна дикторларымен бірлесе шырқайтын әні бүгінде жуналистердің әнұранына айналды десе де болады. Азды көпті бұл байқауға да биыл тоғыз жыл толды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев "Нұр Отанды" жаңғырту, халыққа барынша жақын ету туралы жиі айтады. Әлбетте, билік пен әлеумет арасындағы көпір, әрі бар ахуалды жеткізетін - ол ақпарат құралдары.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыздың басшылығымен Үшінші жаңғыру процесі жүзеге асырылып жатыр. Барлық салаларда - экономикада, әлеуметтік салада, саясатта, рухани өмірімізде - үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы мәселеге келген кезде БАҚ-ның маңызы ерекше. Өйткені сіздердің жұмыстарыңызға көп нәрсе байланысты. Бүкіл қоғамды Елбасының мақсаттарының аясында жұмылдыру үшін сіздер осы бағытта біраз жұмыстар жасап жатырсыздар.

Сонымен бүгін жұлдызы жанған журналистерге тоқталсақ.

1)  «Халық дауысы» - Ең үздік телевизиялық журналист - Индира Бегайдарқызы, "Қазақстан" ұлттық телеарнасы 2) «Көзқарас» - Ең үздік телевизиялық журналист, Тимур Қазағұлов Лисаковск телеарнасының бас редакторы  3) «Сөз шебері» - газеттің үздік журналисі, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Айжан Шаукулова 4) «Сөз зергері» - газеттің ең үздік журналисі, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Сейфолла Шайынғазы 5) «Медиа-профи» - Интернет басылымның ең үздік журналисі, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталының журналисті Николай Энелане 6) «Партиялық жаңғыру» - Жаңа партиялық жобалар туралы үздік материал,  «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі  Екатерина Бескорская 7) «Астанаға 20 жыл» - Елорданың 20 жылдығына арналған үздік материал, «Астан ақшамы» газетінің ұжымы 8) «Рухани жаңғыру» - Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін берілетін сыйлық, "Хабар" телеарнасының «Болашаққа бағдар» жобасы 9) «5 бастама» - Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын жақсы насихаттағаны үшін берілетін сыйлық, «Хабар 24» арнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев 10) «Майталман» - Отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін сыйлығы жазушы, теледраматург, академик Сұлтан Оразалы

Биыл байқауға еліміз бойынша 200-ге жуық қатысушыдан 800-ден астам жұмыс келіп түсті. Оның 85 пайызға жуығы мемлекеттік тілде екенін де ерекше атап өткен жөн. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі ретінде, бұрынғыдай тек партияның қызметін насихаттаған журналистерге ғана емес, еліміздегі экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыруды, елордамыздың 20 жылдық мерейтойын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» насихаттауға белсенді қатысқан тілшілер қауымы да марапатталды. Айтпақшы, салтанатты шараның толық көрсетілімі сенбі 30 маусым кешкі сағат 18-00-де "Астана" телеарнасында көрсетіледі.