Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендік өрт сөндірушілер Лопатино аралындағы тілсіз жаумен күресіп жатыр

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2018
  • 2343

Шығыста тағы да өрт оқиғасы. Ертіс өзеніндегі шағын арал қызыл жалынға оранды. Өскемендік өрт сөндірушілер екінші күн қатарынан тілсіз жаумен алысып жатыр. Жалын шарпыған аумақ 30 гектарға жуықтайды. Алдын ала мәліметтерге сай, өрттің шығуына екі нәрсе себеп болған көрінеді. Біріншісі - сақтық шараларының бұзылуы. Сондай-ақ аралда тынығып жүрген тұрғындардың алауды сөндірмей кетуі немесе қасақана от қоюы да мүмкін.

Абырой болғанда, қызыл жалын адамдар мен тұрғын үй секторына қатер төндірген жоқ. Аралда салынған құрылыстар да жоқ екен. Алайда санаулы минуттың ішінде  қою түтін қаланы басып қалды. Қазір өрт ауыздықталған, толықтай сөндіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жеке құрамның 20 қызметкері бірнеше учаскеге бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өткен демалыста күннің күрт ысуы себепті облыста 50-ден астам өрт оқиғасы тіркелгенін жеткізді.