Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия президент және парламент сайлауына дайындалып жатыр

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2018
  • 2467

Түркия осы жексенбіде өтетін президент және парламент сайлауына дайындалып жатыр. Саяси науқаннан кейін мемлекет басшысының құзыры кеңейе түспек. Оған 6 үміткер бақ сынасып жатыр.

Бірлескен сайлаудың боларына 6 күн қалды. Бірақ шетелде тұратын Түркия азаматтары дауыс беруге кірісіп кеткен. Астанадағы елшілікте алғаш болып елдің Төтенше және Өкілетті Елшісі таңдау жасады.

Невзат Уянык, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Жұрт келіп, дауыс беріп жатыр. Бұл жерде 1641 адам тіркелген. Дауыс беру өз таңдауын жасай алатын жайлы жағдайда өтіп жатыр.

Жарты сағатта сайлау учаскесіне 15-тей адам келді. Соған қарағанда дауыс берушілер белсенді болуы мүмкін. Ал Германияда дауыс беру бекеті 7-ші маусымда ашылған. Содан бері елшілік өкілдері сайлаушыларды қабылдап үлгермей жатыр. Ол елде 1 жарым миллион түрік тұрады.

Әрине, мен Түркияның жақсы жаққа қарай өзгергенін қалар едім. Қазіргі билікке көңілім толады деп айта алмаймын. ол Соңғы кезде уәделер беріп жүр, олар ойланарлықтай. Егер өз қолдарында тұрса, неге оны соңғы 15 жылда істемеді, билікте неғып жүр? Осы аралықта елдегі жағдай нашарлады.  Қазір Түркияда үгіт-насихат жұмыстарының қызған шағы. Президенттікке үміткерлер елді шарлап, митингтер өткізіп жүр. Елдің қазіргі басшысы Реджеп Тайып Ердоған батысты айыптап, өзін қолдауды сұрады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

6 күннен кейін Алланың қолдауымен жаңа президенттік жүйені бастаймыз деп үміттенемін. Батыс 24-ші маусымды күтіп үнсіз отыр. Олар нені күтіп отыр? Ердоғанның күйреуін бе? Біз оларға сабақ беруге дайынбыз ба?

Сарапшылар 6 үміткердің ішіндегі таққа талас негізінен 4 кандидаттың арасында жүретінін айтады. Ол Ердоған, Халықтық-республикалық партия өкілі Индже Мухаррем, "Жақсы партиясының" көшбасшысы Мерал Акшенер және күрд Халықтық демократиялық партиясының өкілі Селяхаттин Демирташ. Сарапшылар екінші айналымға Индже Мухаррем мен Мерал Акшенер өтуі мүмкін деп санайды.

Мерал Акшинер, "Жақсы партиясының" көшбасшысы:

Біздің мақсатымыз - билікке өту. Мақсат біреу, бірақ біз көбейе түстік. Енді сіздер тіпті басқа Түркияны көретін боласыздар! 

Халық арасында жүргізілген сауалнамаға сай Ердоған сайлаушылардың 47 пайыз дауысын жинауы мүмкін. Индже Мухарремді халықтың 28 пайызы қолдап отыр. Түркітердің 14 пайызы Мерал Акшинерге, ал күрдтік кандидатқа 10 пайызы дауыс беруге ниетті. 

Ал парламенттік сайлау тіпті күрделі. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, Ердоған парламенттегі дауысын жоғалтып алуы мүмкін. Ол проблемалар әкелмек. 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Ердоған бұған дейін жеке дара болып келген оппозициялық партиялардың шоғырланған ұстанымына ұрынуы мүмкін. Яғни бұрынғы қарсылас, бірақ ортақ жау болса, онда досым деген принциппен әрекет етпек. Қазір біз Ердоғанға қарсы біріккен ұлттық партия, күрд партиясы бар оппозициялық партиялардың коалициясын көріп отырмыз. Мұның өзі үлкен күш.

Осылайша Ердоған президент сайлауын жеңгенімен, парламенттегі жағдайы шатқаяқтауы ықтимал. Ол алғашқы айналымда-ақ президент атануы үшін 50 пайыз дауыс жинауы тиіс. Дегенмен, күдік басым. Рейтингі 40 пайызға дейін төмендеуі, елдегі инфляция, жұмыссыздықтың өсуі мен жаппай тұтқындау оның пайдасына шешілмеуі мүмкін. Ал түрік лирінің 20 пайызға құнсыздануы отқа май құйды.