Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорданың қақ ортасындағы шағын аудандарының бірінде тұрғындар дабыл қағуда

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2018
  • 2249

Қызылорданың қақ ортасындағы шағын аудандарының бірінде тұрғындар дабыл қағуда.  Әбден ескірген үй бір күні төбемізге құлай ма деп алаңдайды. 60 жылдай бұрын жұмысшыларға жатақхана ретінде салынған баспананы 12 отбасы паналап отыр. Олар тәуелсіз мамандарды шақыртып, үйдің апатты жағдайда екенін дәлелдеген. Алайда, жергілікті билік ол шешімді елемей келеді.

Тар бөлме, сөгілген қабырға, тозығы жеткен еден мен шұрық-тесік шатыр. 71 жастағы Татьяна Давыводаның күнделікті көретіні осы. Жатақханада тұрып келе жатқанына қырық жылдан асқан. Қалған өмірімде тәуір баспанаға қол жеткізе алмаймын да деп қамығады.

Татьяна Давыдова, тұрғын:

Қыста еденмен жүру мүмкін емес, қатты суық. Газ да, су да жоқ, тіршілік нәрін сырттан тасимыз. Бұл жатақхана сөгіліп, тозып, құлаудың алдында тұр. Бір бөлменің есігі қаттырақ жабылса, қабырғалар дірілдеп барлық бөлмеге әсер етеді. 

Жапырайған көне жатақхананың құжаттарын тұрғындар 2007 жылы заңдастырып алған. Яғни 12 отбасы - бұл бөлмелердің заңды иелері. Қамыс пен ағаштан салынған баспананың сиқы кеткелі, тұрғындардан да маза қашқан. Көгілдір отынды былай қойғанда, судың өзі тартылмаған үйде адам тұруға мүлде жағдай жоқ. 

Лиза Байекеева, тұрғын:

Тәуелсіз мамандарды шақырып, үйдің бәрін тексертіп, үйді апатты деп 15 наурыз күні шығарып берді.  Осы қорытынды әкімшілікке апардық. Әкімшілік міне үш айдан бері ешқандай бізге көмек көрсетпей отыр. Бізге комиссия шығарту керек.

Райкүл Сатанова, тұрғын:

Көп балалы отбасылар да бар бұл жерде, жалғыз басты еңбек ардагерлері де бар бұл жерде.  Әкімдер айтады: бір апта күт, бір ай күт. Күтіп келе жатырмыз, үш ай болды күткеніміз. Ешқандай адам келіп бізге қандай жағдайларын деп білген жоқ.

Тәуелсіз сарапшылардың тұжырымынан соң жатақханада тұру қауіпті екеніне тұрғындардың көзі әлдеқашан жеткен. Қайғылы жағдай орын алмай тұрғанда билік бір шарасын қарастырса,- деп шырылдайды олар. Ал әкімдік өкілдері жағдайдан хабардар.

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Осы 2018 жылы бұл бізге біріңші түсуі азаматтардан апатты деп тану. Соған байланысты қазір қаулысы дайындалып, жұмысшы топ құрылуда. Енді осы аптаның ішінде сол үйді зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егерде комиссия бізге оң қорытынды шығарып берсе бұзылуға жатады деп, сол кезде ғана біз оны тіркеуге ала аламыз.

Тұрғындарға ресми шешім шыққанша күтуден басқа амал жоқ. Ал оған дейін қирағалы тұрған үйдің шатыры опырылып, басымызға түспесе болды деген үреймен күн кешуге мәжбүр. 


Шарипа САҚТАПОВА