Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда Түркістан облысы құрылды

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2018
  • 9077

Қазақстанда жаңа облыс пайда болды. Президенттің жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Бүгін мемлекет басшысы "Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы" арнайы Жарлыққа жария түрде қол қойды. Президент өз сөзінде қасиетті Түркістан қаласының ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы болып келгеніне тоқталды. Ал облыстың орталығы Түркістан шаһары болмақ. Мұнан бөлек, тұрғындарының саны 1 миллион адамға жеткен Шымкентке республикалық деңгейдегі дербес қала мәртебесі берілетінін айтты. Сондай-ақ Президент Түркістанда жаңа әкімшілік нысандар салынып, тиісті инфрақұрылым тартылғанша, облыстың әкімдігі Шымкентте жұмыс істей беретінін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев аймақта туризмді дамыту бойынша тапсырма берді.   

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Оңтүстік Қазақстан еліміздегі экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ екені  белгілі. Биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент шаһары Қазақстандағы ең ірі мегаполистің қатарына қосылған. Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызы Шымкентте шоғырланған. Шаһар еліміздегі жетекші сауда-өнеркәсіп және мәдениет ошақтарының бірі болып саналатынын білеміз. Қаланың осындай мүмкіндіктерін ескеріп, оған республикалық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдадым. 

Ал Түркістан қаласының аумағы 19 мың гектарды құрайды. Қала әкімі енді ол 35 мың гектарға дейін ұлғайтылатынын айтқан болатын. 1500 жылдық тарихы бар рухани астанада қазір 260 мыңнан астам адам тұрады.