Русский Сайттың толық нұсқасы

Жауынгердің сүйегі 75 жылдан соң туған жерге оралды

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2018
  • 2889

75 жылдан соң туған жерге оралды. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза тапқан атыраулық Құспанғали  Боранбаевтың сүйегі елге әкелінді. Іздеу топтары сондай-ақ майдангердің жауынгерлік капсуласы мен ас ішкен қасығын тапқан. Бүгін сарбаз аруағына құрмет көрсету үшін «Жеңіс» саябағында қаралы митинг өтті. Ал ертең денесі туған жеріне тапсырылмақ.

Атырау өңірінің тумасы Құспанғали Боранбаев сол кездегі Гурьев облысы Денгиз ауданынан 1941 жылы 19 жасында майданға аттанған. Жас сарбаз 28- атқыштар дивизиясының құрамында шайқасады. Жауынгерге жеңіс күнін көру бақыты бұйырмапты. 1942 жылы Новгород облысының Парфинский ауданы маңындағы қиянкескі  шайқаста ерлікпен қаза тапқан.

Саламат Сабыр, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

100 метр жанынан кеңес әскерінің бас сүйегі табылады. Оны айналып келген кезде қасық табылады. «К.Боранбаев» деп жазылған. Бұл сол Құспан Боранбаевтың ас ішкен қасығы. Артында «Ленинград» деп жазылған. Қазақтың баласы өзінің ұрпағының сүйегін ешқай жерде далаға тастамаған.  Сүйек табылып тұрғаннан кейін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың өзі тікелей  қадағалауына адып, мәдениет басқармасына тапсырма берді.

Жауынгердің сүйегі қанды шайқас өткен орман алқабынан табылды. Ақтөбе қаласынан арнайы аттанған еріктілер тобы мен ресейлік «За Отвагу» іздеу топтары бірлесе өткізген шараның нәтижесінде сарбаздың денесі туған елге жеткізілген. Батыр бабасының 75 жылдан соң оралғанына әсіресе  ұрпақтары қуанышты. Қобалжу да жоқ емес. Ендігі міндет  - қазақы ғұрыппен арулап жерлеу,- дейді олар.

Злиха Дүйсекенова, майдангердің туысы:

Тек біздің отбасы емес, менің бауырларыма емес, елге осындай хабар келсе деп айтқым келеді. Енді біздің міндетіміз - әрі қарай туған жеріне өзінің бауырларының қасына осы сүйекті апару . сол жақта қазақша салтпен барлық дәстүрлерін ұйымдастыру, ас беру, елдің ақсақалдарына арнап ұйымдастырып жатырмыз.

Ұлы Отан соғысына Атырау облысынан 42 мыңнан астам жауынгер аттанған. Оның 26 мыңдайы майдан даласынан оралмады. Ал қазір аймақта Жеңісті жақындатқан жандардың 30-ы ғана қалған.

Базаргүл  Нәдірқызы