«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасымен ипотека алып, бірақ өз міндетін орындамаса, банктерге кепілге қойылған мүлікті сату құқығы беріледі. Тиісті заң жобасын Сенат екі оқылымда қарап, қабылдады. Валюталық реттеу мен Ұлттық банк қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасын төраға Данияр Ақышев таныстырды. Оның айтуынша, кепіл институты толық қамтылу керек. "Мұндай түзетулерсіз «7-20-25» бағдарламасын сәтті іске асыру мүмкін емес", - дейді Ұлттық банк басшысы.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Кепіл ұстаушының талаптарын
қанағаттандыру үшін кепіл мүлкін кедергісіз, әрі дереу сату мүмкіндігі болуы
тиіс. Заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда, банктер халыққа жақын арада
кредиттер бере бастайды.
Данияр Ақышев доллар бағамының көтеріліп кеткеніне қатысты да жауап берді. Ұлттық банк төрағасы халыққа ақша айырбастау орындарына жүгірмеуге кеңес берді. Өйткені қазір адамдар шетелге демалысқа кетіп, балаларын өзге мемлекеттерге оқуға жіберіп жатыр. Сондықтан маусым айында көк қағазға сұраныс үнемі жоғары болады, деді бас қаржыгер.