Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қоқыс тарифі қымбаттады

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2018
  • 2978

Қызылжарда қоқыс тарифі қымбаттады. Алайда жаңа тариф бәрібір қоқыс шығарушылардың көңілінен шықпай отыр. Жаңа талаптардың арқасында қызмет сапасы жақсара ма? Тұрғындардың қоқыс шығарушы мекемелерге қарызы қанша? Аймақтағы тілшіміз жауапты тұлғалар мен халық пікірін біліп қайтты.

Қызылжарда қоқыс тарифі 2014 жылдан бері өзгермеген. Аймақта қоқыс шығаратын 8 кәсіпорын бар еді. Оның 3-уі жабылған. Оған себеп қызмет құнының өте төмен болуы, -деді жергілікті атқамінерлер. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты сараладық дейді олар.

Асхат Рамазанов, Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Қаланың қоғамдық кеңесінде қоқыс тарифінің құнын тұрғындар үшін 175-тен 230 теңгеге, ал кәсіпорындар үшін 2500 теңгеге дейін көтеру қажет деп шешілді. Жалпы, коммуналды компаниялар 309 теңгелік тарифті сұраған болатын. Бірақ, мұндай тариф жұртқа ауыр тиеді. Сондықтан орташа бағаны тағайындадық.

Тапқан табысын ішкі жыртықты жамауға жұмсаған қоқыс шығаратын мекемелер, полигонға белшеден қарызға баттық деп отыр. 5 мекеменің қарыз көлемі 15 миллион теңгеден асқан. Енді коммуналды кәсіпорындар міндеттен құтылып, жұмысшылардың жалақысын көтеруді көздеп отыр.

Валентина Сальникова, «Коммунсевер» ЖШС қызметкері:

Біз шығынға батып жұмыс істедік. Қазіргі тариф жаман емес. Полигонның алдындағы берешегімізді, яғни 3 миллион теңгені жабуға жетеді. Қазір жұмысшылардың орташа жалақысы 70 мың теңге. Оны да көтеру жоспарда бар. Бірақ техниканы жаңартуға қаражат жетпейді. Ол үшін қоқыс тарифі кемінде 270 теңге болуы тиіс.

Қала халқы, бағамен бірге сапасы жақсарса, деген тілектерін де жеткізді. Көбіне тазаланбайтынын айтады.  

Александра Прокопьева, Петропавл қаласының тұрғыны:

Брусиловский көшесі 76-үйдің алды ылғи қоқысқа толып тұрады. Қаланың орталығы болған соң, оны ұқыпты ұстау керек қой. Коммуналды тарифті көтерсе, сапасы да соған сәйкес болуы тиіс.

Ғалия Омарова, Петропавл қаласының тұрғыны:

170 теңге төлейді. Енді тағы қосамын десе, қоссын 230. Бірақ қоқыс жинайтын машиналар дұрыстап жинап, анау темір жәшіктерді уже неше жыл ауыстырылмағанына, соны ауыстырса, меніңше, халық барады ондайға.

Ал, қоқысқа жауаптылар тұрғындарға коммуналды төлемдерге жауапкершілікпен қарауды, яғни уақытылы төлем жасауға шақырады.

Абзал Құрманкин,тілші:

Өйткені бүгінде заңды және жеке тұлғалардың берешегі 30 миллион теңгеден асып жығылған. Оның 70 пайызын қала тұрғындары төлемей отыр. Жаңа тарифке қол жеткізген қоқыс шығарушылар енді тұрғындардан қарызды өндіріп алудың жаңа механиздерін ойластыруға кіріскен. 

А.Құрманкин