Русский Сайттың толық нұсқасы

«АМТ» компаниясынан 1 млрд 395 млн теңге айыппұл мәжбүрлі өндіріледі - эколог

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2018
  • 2712

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан қомақты айыппұл өндіріледі. Оның мөлшері 1 млрд 395 млн теңге. Эколог мамандар жоспардан тыс тексеру нәтижесінде осындай қорытындыға келген. Өткен қыста қара түсті қар теміртаулықтарды дүрліктірген. Оған металлургия зауытынан ұшқан түтін себеп болды. 

Әлібек Бекмұхамбетов,  Қарағанды облыстық экология департаменті  басшысының орынбасары:

Тексеру кезінде зауыттың конвекторлық цехынан 2 мың тоннадай лас қалдық тарағанын анықтадық. Осы бұзушылыққа қатысты дау туды. «Арселор Миттал Теміртау» қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін салынған 1 млрд 395 млн теңге айыппұлды төлемеген. Енді мәжбүрлі түрде экономикалық сот арқылы өндірілмек.

Комбинатта зиянды қалдықтарды атмосфераға таратпай ұстап қалатын сүзгіш қондырғылар толық орнатылмаған. Барының өзі жұмыс істемейді, - дейді экологтар. Соған қарамастан, компания тек 200 млн теңге әкімшілік айыппұл төлеуге келіскен.

Еске салсақ, өткен қыста Теміртауға қара қар түсіп тұрғындар денсаулықтары үшін алаңдаған. Арнайы құрылған жұмыс тобы компанияға лас қалдықтарды онлайн ережесінде бақылауды және  ақпаратты халыққа ашық жариялауды тапсырды.

Компанияның бас экологы қоршаған ортаға еш зиян келтірмегендерін жазбаша хабарлады. Баспасөз парағында «әкімшілік айыппұл 13 шілдеге дейін төленеді» делінген.