Оралда ұсталған радикалды топ өкілдері қай жерде, қандай нысанда теракт жасамақ болғаны белгісіз. Ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу құпиясына орай бұл ақпаратты жарияламай отыр. Бүгін тек қамауға алынған күдіктілердің фотолары жарияланды. Мамандар Орал қаласында радикалды топтың 8 өкілін ұстаған болатын. Олар Қазақстан аумағында бірнеше теракт жасауды жоспарлаған көрінеді. Онымен қоймай, ел ішінде терроризмді насихаттап, мүліктік қылмыстар жасаған деген күдік бар. Арнайы операция жүргізу барысында 8 топ мүшесі ұсталды, атыс қаруы, оқ-дәрілер және діни материалдар алынды. Осы фактілер бойынша қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.