Русский Сайттың толық нұсқасы

Келесі жылы елiмiзде сұйытылған газ тапшылығы туындауы мүмкiн

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2018
  • 2550

Елде сұйылтылған газ тапшылығы туындауы мүмкiн. Өйткені соңғы жылдары өнімге сұраныс күрт артқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақтықожа Iзмұхамбетов айтты. Ол бүгін Сенатта «Бірқатар заңдарға газ және газбен жабдықтау бойынша өзгерiстер енгiзу туралы» заң жобасын таныстырды. Айтуынша, сұйытылған газдың Энергетика министрлiгi бекiткен құны көршi елдердегi көтерме бағадан да төмен көрінеді. Бұл заңсыз газ экспортына жол ашуы ықтимал. Сұйық отын бағасын арттыруға да болмайды, өйткені бөлшек саудадағы газ құны шарықтап кетеді. Тығырықтан шығар жол - зауыттарды өнімді көптеп шығаруға ынталандыру. Сондай-ақ құжатқа сәйкес, газ бөлу тәртібі өзгереді. Бұған дейін батыс аймақтарда Энергетика министрлігі бөлген газ жетпей, көлік иелерінің сұйық газ таппай шырылдап қалғанын айтқанбыз.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Газға сұраныс, яғни заявка, енді Энергетика министрлігіне емес, әкімшіліктерге беріледі. Арнайы комиссия құрылады әкімшілік өкілдерінен басқа ҰКП мен басқа ұйымдар өкілдері болады. Бұл газ бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Заң жобасында газ сату жүйесіне электрондық сауда алаңын енгiзу қаралған. Сенат Депутаты Талғат Мұсабаев бұл тұтынушыға газ жеткізуді қиындатпай ма деп сала министріне сауал жолдады. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Сұйылтылған мұнай газының көлеңкелі экспортының негізгі себебін жоюға арналған. Сондай-ақ осының негізінде газ тапшылығы себептері де жойылады деп ойлаймыз, айтқандай, бағалық сәйкессіздікті жою арқылы мәселе шешілді.

Бүгін Сенат үшінші сессияның жұмысын қорытындылады. Палата төрағасы экономикалық, саяси және рухани жаңғыру жолындағы істерді жүзеге асыруға қажет заңдар қабылданғанын жеткізді.  Осы уақыт аралығында  84 заң қабылданды, олардың бірқатары күшіне еніп, бүгінде халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ 100 депутаттық сауал жолданып, 4 парламенттік тыңдау өткен. 23 көшпелі кеңес өтті.