Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ пен Ресей президенттері бірінші рет арнайы кездеседі. Түркияның президенттік басқаруға көшуі туралы.

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2018
  • 2315

Сонымен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 16 шілдеде Финляндия астанасы Хельсинкиде кездеседі. Ақүй мен Кремль бірге хабарлады. «Жеңіске жеткені Кремльдің де арқасында» деген айыптардан әлі де құтыла алмай отырған Трамп, президент болғанына 1,5 жылдан кейін ғана Путинмен арнайы кездеспек. Бірақ ол үнемі «Ресеймен жақсы қарым-қатынас орнатып, жаһандық мәселелерді бірге шешуді қалайтынын» айтып келеді. 11-12 шілдеде Солтүстік Атлантика одағының саммиті өтеді, одан кейін Трамп Ұлыбританияға барады, ал, Путин 15-шілдеде Мәскеуде өтетін әлем чемпионатының финалын тамашалайды. Сөйтіп ертеңіне екеуі «жақсылап» әңгімелеседі. Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Вашингтон, жалпы БАТЫС әлемі мен Мәскеудің арасы нашарлағаны мәлім. Ал енді осы тақырыппен сабақтасатын мынадай детальдар бар. АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша кеңесшісі Уэсс Митчелл Анкара Ресейдің С-400 зенит зымыран кешенін алудан бас тартпаса, АҚШ жаңа F-35 жойғыш ұшақтарын Түркияға бермеуі мүмкін екенін мәлімдеді.  Солтүстік Атлантика одағына мүше Түркия Ресейден С-400 кешенін сатып алса, Ресейдің қорғаныс саласына салынған санкцияға ілігіп кетуі мүмкін. Былтыр Анкара Мәскеуден 2,5 миллиард долларды құрайтын С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алатынын хабарлаған. Бұған АҚШ қарсы шыққан. Себебі Солтүстік Атлантика одағының ережесі бойынша, одаққа мүше елдер бір стандарттағы қару-жарақтарды пайдалануы тиіс. 

Бауыржан Қарипов, сарапшы:

Батыс әлемінің ойынша, бұл да бір Иран, Ресей секілді мемлекеттердің қатарына кіріп кету қаупі бар. Олардың көзқарасы бойынша, Ресейдің Түркияны НАТО-дан шығарып алу қаупі бар, сол арқылы бір жақтас ретінде Еуропаға қарсы, Америкаға қарсы блокада құру қауіптері бар.

Ал Түркияны түпкілікті президенттік басқару үлгісіне көшірген соңғы сайлаудың аса бір мән беретін тұсы жоқ сияқты. Ердоған кезең-кезеңімен осы жүйеге әкелді. Оның ұстанымдары белгілі. Дегенмен сарапшы Бауыржан Қарипов «Ердоған мықты лидер» деген байламға байланысты былай дейді:

Бауыржан Қарипов, сарапшы:

Саясаткерлер болсын, журналистер болсын, қарапайым халық болсын, Ердоғанды ғана әспеттейді. Осы «лидер» деп. Ал Ердоғанның нақты күші сыналатын кезі енді басталды. Осы жүйе арқылы Ердоған Түркияны жоғары көтере ала ма? Себебі бүгінге дейін елдегі жұмыс істеп келе жатқан барлық институттар Ататүрік құрған парламенттік жүйенің жемісі деп бағалауға болады. Түркияның қазір сыртқы қарызы 452 млрд доллар. Лираның жағдайы 1 доллар 5 лираға жақындап қалды. 000453 Ендігі мәселелерді Ердоған өзі шешуі керек. Оны парламент, Мәжіліс шешпейді. Таза, Ердоған билігі шешуі керек. Өзі тағайындаған, сайлаған емес, министрлер, әкімдер, сот, прокуратура төрағалары дейін, енді Ердоғанның билігі шешеді. Сырттан инвестиция құйыла ма, жоқ па, ол белгісіз. Сіз білесіз, дамыған елдер сөз бостандығына, соттың, мемлекеттік ашықтығына өте қатты мән береді. Ал күннен күнге Еуропаға, әлемге «шекарасын» жауып жатқан Түркия үшін инвестиция салады дегенге сене қоймаймын.