Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұқаралық ақпарат саласының үздіктері. Журналистиканың өзекті мәселелері.

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2018
  • 5930

Кәсіби мерекесінде журналистерді«Нұр Отан» партиясы «Нұр сұңқар» сыйлығымен марапаттады. Биыл бұл шара 9-рет өтті.  Алдымен бірнеше аталым бойынша байқау жариялайды, сосын соның қорытындысын шығарады.  

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыздың басшылығымен Үшінші жаңғыру процесі жүзеге асырылып жатыр. Барлық салаларда - экономикада, әлеуметтік салада, саясатта, рухани өмірімізде - үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы мәселеге келген кезде БАҚ-ның маңызы ерекше. Өйткені сіздердің жұмыстарыңызға көп нәрсе байланысты. Бүкіл қоғамды Елбасының мақсаттарының аясында жұмылдыру үшін сіздер осы бағытта біраз жұмыстар жасап жатырсыздар.

Биыл байқауға «Астанаға 20 жыл», «Рухани жаңғыру» сияқты жаңа аталымдар енген. Ал «Майталман» деген отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін сыйлық жазушы, теледраматург, академик Сұлтан Оразалыға табысталды:

Сұлтан Оразалы, жазушы, теледраматург, «Нұр сұңқар» сыйлығының иегері:

Журналистика сөз өнері. Өнер болғасын, жарыс, бәйге. Оған жас та, жасамыс та қатысады. «Нұр Отан»  ұйымдастырған сайыста осының бәрі бар. Жастарға творчестволық табыс тілеймін. Ал маған құрмет көрсеткендеріңізге рақмет!

Биыл байқауға еліміз бойынша 200-ге жуық қатысушыдан 800-ден астам жұмыс келіп түскен. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі - бұрынғыдай тек партияның қызметін көрсететін журналистер ғана емес, саяси-экономикалық, әлеуметтік салаларды, рухани жаңғыруды, Астананың 20 жылдығын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» насихаттауға белсенді қатысқан тілшілер де марапатталды.

Ал апта ортасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды. Салтанатты марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткізілді. Мемлекет басшысының өкімімен «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай «Отандық телевизияның дамуы мен қазақстандық журналистиканың өркендеуіне қосқан үлесі үшін» Мемлекет Басшысының сыйлығына лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Балдырған» балалар журналының шығармашылық тобы мен қос ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына Президенттің Алғыс хаты жарияланғаны да өте жақсы әсерде қалдырды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Жаһандану, ақпараттық технологиялар мен цифрландыру дәуірінде медиа саласының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Осыған орай халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған отандық БАҚ-тың рөлі жылдан жылға артып келеді. Журналистер қауымы Елбасының бастамаларын халыққа жеткізу, азаматтық қоғамды дамыту ісіне лайықты үлес қосуда.

Ләззат Танысбай, "Астана" телеарнасының бас директоры:

Бұқаралық ақпарат құралдарының  кез-келген түрінде – мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, партиялық болсын, қоғамдық болсын, қай түрінде де жұмыс істейтін журналистердің басты мақсаты, мүддесі, талап-тілегі аян – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға қызмет ету, еліміздің өркендеуіне атсалысу! 

Кәсіби мерекесін атап өткен журналистер өз мамандығына байланысты біздің уақытта туып отырған проблемаларды да талқылап жатыр. Ал проблема аз емес.

Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Журналистика біреудің ойлап тапқан, біреудің көңілін жықпайтын, сол үшін ойлап табылған дүние емес, ол. Қоғамда журналистика болмаса, ол қоғамда күбір-сыбыр әңгімелер көбейеді. Ол қоғам мұнан соң дүрлігеді. Бүлінеді, арғы жағы жақсылыққа апармайды. Сондықтан халық арасында мәселені айтып, легін шығару керек. Тәуелсіз елдің қоғамдық пікірін қалыптастыратын осы журналисттерғой, шыны керек, ал, қоғамдық пікір қалыптаспаса, ол зиялы ел қатарына қосылмайды. Әр уақытта қоғамдық пікір бірінші орынға шығу керек. Оған кез келген билік те, қалталы да ықпал ете алмау керек. Қоғамдық пікір көпшілік пікірі, көпшілік - таразы. Сондықтан одан артық ештеңе жоқ. Журналист сол халық пікірін, халық позициясын жеткізуші. Содан да айтқан Ахмет Байтұрсынов баспасөз халықтың көзі, құлағы һәм тілі деп.

Орынтай Ошанова,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті:

Бүгінгі күні журналистер халықты азат, еркін ойлауға машықтандырмасақ, үйретпесек, яғни қоғамдық санада сілкініс жасамасақ мен ойламын, журналистер қоғамда негізгі міндетін атқырып отырмайды деп. Сондықтан осы жағынан негізгі міндетімізді атқаруымыз керек.

Журналистиканың өз ішінде дәстүрлі ақпарат құралдары мен интернет-каналдар сияқты жаңа медианың қайсысы ұтымды, фейк жаңалықтар мен фактчекингтің, яғни өтірік пен шын деректің арасы тәрізді өзекті мәселелер бар.

Орынтай Ошанова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы:

Би-Би-Си телеарнасында, оларда жалған ақпаратты тексеретін арнайы бюролар жұмыс істейді. Қазіргі кезде фактчекинг деп айтып жатыр ғой. Фактчекинг жасайтын арнайы бюролар бар, арнайы бөлімдер отырады. Осы тәжірибені телерадиокорпорацияларға, кез-келген газет-журналдар болсын, осындай тәжірибені алса деп есептеймін. Сонда ғана біз жалған ақпараттардан жалған мәліметтерден құтыла алар едік. Яғни, біз қоғамды адастырмауымыз керек, журналистер.

Профессор Намазалы Омашевтың айтуынша, қазіргі журналистер ақпараттық технологияларды жақсы игергенімен, оларда сөз өнері, жазу өнері кемшін.

Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Қазіргі журналистердің шеберлік жағынан төмендеп кеткені рас. Ал, ақпараттық технологияны игеру және көп мәселеге араласу жағынан, тікелей эфирді игеру жағынан алда. Бұл жағынан қазіргі журналистердің артықшылығы бар, ал атам заманнан келе жатқан сөз өнері, жазу өнеріне келгенде бұрынғы тілшілердің шеберлігі басым. Қазір 20 шақты жерде журналист кадры дайындалады. Республикада екі факультет бар. Біріншісі Алматыдағы Әл-Фараби университетінде, екіншісі Гумилев атындағы ЕҰУ. Екі-ақ факультет, қалғандары бөлімдер. Сол екі факультеттіңде іс тәжірибесін жақсы білемін. Бұл жерде дәріс беретін оқытушылардың бәрі бірдей лайықты деп айта алмаймын. Ал, осының фонында қалған 20 шақты бөлімдердің мамандарында кемшілік бар екені өзінен өзі түсінікті.

Кәмила  Есенғалиқызы, IT университетінің студенті:

Қазіргі уақытта экономика саласына журналистер жетіспейді, шыны керек. Себебі экономика жағын көп журналистер түсінбейді. Мысалы, біз журналист болғанымызбен ақпаратты қарапайым жеткізгіміз келеді. Ал бірақ оның элементтерін білмеуіміз мүмкін. Сол саланың. Менің ойымша экономиканы оқып, сосын қарапайым халыққа жеткізген экономистің сөздері өтімді сияқты. Ал журналистікі қалып қояды. Сол себепті әр бағытты алып, соны оқып барып журналист болып шыққан дұрыс сияқты. Ал біздеқазір жетіспейтін аналитикалық тұрғыда материал жазатын журналист жетіспейді біріншіден, екіншіден, экономика бойынша, тағысын тағы. Барлығы бір сарынды. Бір оқиғаны беру немесе шоу бизнесті жүргізу, сол жақтағы журналистер қазір көрініп жүр.

Орынтай Ошанова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті:

Атақты Масачусетс институты бар, сонда мысалы, қазіргі кезде медианы екіге бөліп тастады. Яғни, біріншіден интерактивті салыстырмалы медиа, технологиялық жағына бейімдеу қазіргі журналистерді. Екіншісі, шығармашылық бағытта дайындап жатыр қазіргі кезде. Осы жерде үйренетін нәрсеміз - оларда жазудың өзін екіге бөліп тастады. Журналистердің өзін біріншіден, интерактивті жазуға машықтандырады, яғни, интерактив райтинг дейді. Екіншісі, публицистикалық стильде кәдімгі классикалық талдамалы жанрларда жаза білетін, терең жазу мәнеріне машықтайтын осындай курстар жүреді.

Бүгінгі күнге дейін айтылып келеді ғой «әдебиет ардың ісі» деп. Ал мен айтар едім, бүгінгі күнде «журналистика ардың ісі болып кетті. Яғни журналист өзінің жауапкершілігін сезіну керек. Бұл мәселе қазір әлемде де ең үлкен проблема.

Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Халықтың көзі, құлағы, һәмтілі» дегенді әрбір журналист ұстануы керек. Халықтің «көзімін», «тілімін», «құлағымын» деп сезінуі керек. Сол қарапайым қағида алып шығады.