Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдың іргесіндегі елді мекен тұрғындары судан тарығып отыр

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2018
  • 3226

Оралдың іргесіндегі елді мекеннің халқы ауыз судан тарығып отыр. Бес қабатты үш үйдің тұрғындары ауыз су тек таңға жуық берілетінін айтады. Шүмекті аңдығандар су аққанда ыдыстырын ала жүгіреді. Осымен екі жыл қатарынан жаз келсе сусыз қалатын тұрғындарды Еркін Карин тындап қайтты.

Еркін Карин, тілші:

Қазір су краннан сыздықтап ағып тұр. Тұрғындар мұның өзіне де қуанады. Өйткені жазды күндері судың мүлдем ақпай қалатын күндері де болады екен... ақпай қалды...

Сусыз қалмау үшін ұйқыңды қиып, таң ата тұру қажет дейді тұрғындар. Осыны түсінген тұрғындардың күнделікті режимі өзгерген. Жаз кезінде ерте тұрып, кеш жатады. Әйтпесе сусыз қалады. Үйдегі ыдыс-аяқ, тіпті шәйнекті де шүпілдетіп толтырып қояды.

Мүштари Қалиева:

Осы төрт баклашканы толтырып қоямын, сосын ана жерде 20 литрлік кәстрөл бар, соған құйып қоямын. Екі котелогым бар үш литрлік. Солардың бәрін толтырып қоямын, шәйнек барлығын. Бесте тұрып, мен жуынып аламын. Жақсы жүріп тұрады су. Алты жарым бола ма, бітті уже. Су тамшылайды... жеті-сегізде жоқ болады. Содан 11-ге дейін жүреміз жинаған суменен.

Жауапты мекеме өкілдері су тапшылығын қала керегесінің кеңейіп келе жатқанымен түсіндірді. Жаңадан салынып жатқан үйлер жыл сайын көбейіп жатса керек. Яғни жеке сектор тұрғындары суды көп тұтынады. Тіпті бау-бақшасын суғаратындардың кесірі осылайша басқаларға тиіп отырған көрінеді.

Асхат Шадьяров, Орал қалалық ТҮКШ тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

Жер үйлердің өздерінің бақшаларын суаруына байланысты, күндізгі уақытта судың қысымы түсіп кетеді. Судың қысымы түнгі мезгілде давление көтеріліп кетеді. Тұрғындар көбінесе суды күндіз көп пайдалануына байланысты қазір Деркөл кенті толықтай қамтамасыз етілмей тұр.

Сумен қамтушы мекеме өкілдері де мұны қуаттайды. Су тапшылығын жою үшін қуатты насос стансасын орнатпақ. Әйтпесе су қысымын көбейтуге қазіргі құрылғының күші жетпейтінін айтты.

Асылбек Әміров, «Батыс су арнасы» ЖШС техникалық директоры:

Бұрынғы істемей тұрған насос стансасындағы резервуарларды толтырып, хлорирование жасап, промывка жасап, анализдер жақсы болғаннан кейін біз сол насос стансасын қосып қарағымыз келіп тұр, су сапасы мен 4, 5-этажға көтеріп.

Мамандар жағдайдың алдағы күндері түзелерін айтып уәде етті. Ал, тұрғындар судың құбырын күзетіп, аққан кезде ыдыс-аяқты толтыруға кірісті.

Еркін Карин