Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда кәсіпкерлер тәртіп сақшыларына шағымданды

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2018
  • 3139

Қызылжарда тәртіп сақшылары жүк көліктерін 5 күн бойы ұстаған. Бұл жайында біздің редакциямызға хабарласқан көлік иелері мәлімдеді. Олардың айтуынша, полицейлер ауылдан қалаға құрылыс материалын тасып жүрген 14 бірдей көлікке бөгет жасаған. Осының салдарынан жұмыс тұралап, шығынға баттық, дейді кәсіпкерлер. Құқық қорғау органдарының мұндай әрекетіне не себеп? Аймақтағы тілшіміз мәселе мәнісін біліп қайтты.

Құрылыс жанданған шақта қиыршық тас тасыған Владимир Громов бірнеше күнге жұмысын доғаруға мәжбүр болған. Темір тұлпар жүргізушісінің жолын полицейлер бөгесе керек.

Владимир Громов, көлік жүргізушісі:

Біз жұма күні Өрнек ауылынан келе жатқан кезде бір топ көлікті көріп тоқтадық. Кейін қасымызға полицей келіп, өз-өзін таныстырмастан құжаттарды талап етті. Мен құжаттарымды берген жоқпын. Біз бірнеше сағат отырып, кейін көлігімізді тастап кетіп қалдық.

Тәртіп сақшылары бас-аяғы 14 көлікті ұстаған. Оның екеуі жеке кәсіпкер Асқар Мәдиевке тиесілі. Бизнесменнің айтуынша, полицейлер көліктердің салмағын анықтау үшін тоқтатқан. Алайда, тексерісті бірден жүргізбеген көрінеді.

Асқар Мәдиев, жеке кәсіпкер:

Бүгін КамАЗдарым бесінші күн тұр. Екі көлігім үшін мен 800 мың теңгеден айырылып отырмын. Полицейлер жүк көлігінің салмағы нормадан артық дейді. Артық болса, біз айыппұл төлеуге дайынбыз. Бірақ КамАЗ жолға шығар алдында, оның салмағы қатаң тексеріледі.

Ал полицейлер рейдтік шараларды жүргізгендерін хабарлады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, сол күні жүргізушілер жүк көліктерін далада қасақана тастап кеткен.

Вадим Мотов, Есіл ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы:

Ильинка ауылының тұрғындары жүк көліктердің жолды ылғи бүлдіретініне шағымданған. Сондықтан біз маусымның 26-сы күні рейд өткіздік. 4 көліктің салмағы артық болып, оларға айыппұл салынды. Дәл сондай шараны маусымның 29-нда да қолға алдық. Бұны естіген жүргізушілер жолда көліктерін әдейі тастап кеткен көрінеді. Кейін біз қырда бос тұрған көліктерді көріп, заңға сәйкес иесі келгенге дейін оларды күзетіп отырдық.

Темір тұлпар иелерін 3 күн күткен полицейлер кейін олардың телефондарын тауып, көлік инспекциясынан темір тұлпарлардың салмағын тексеруді талап еткен. Ал ондағылар  салмақтың нормадан аспағанын растады.

Ален Дәуітов, СҚО көлікті бақылау инспекциясының бас маманы:

Жүк көліктің артқы үш білігі 24 тоннадан, ал алдыңғы бөлігі 10 тоннадан аспауы тиіс. Біз 14 көліктің барлығы тексеріп шықтық. Салмағы нормаға сай. 7 көліктің құжаттарында кемшіліктер анықталды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, полицейлердің күмәні расталмаған соң, барлық көліктер қайтадан жұмысқа шықты. Алайда, КамАЗ иелері заңгерлерге жүгініп, 5 күнде жоғалтқан табыстың орнын кінәлі тараптардан өндіруді көздеп отыр. Ал полицейлер кәсіпкерлердің заң аясында жұмыс істеуін талап етуді жалғастыра бермек. Айта кету керек, жемқорлықтың жолын кесу үшін өткен аптада көлікті бақылаудың жаңа ережелері енгізілді. Бұдан былай, жүк көліктерінің тексерілуі 30 минуттан аспауы тиіс.

А.ҚҰРМАНКИН