Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, жас офицерлерге шен тапсырды

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2018
  • 4422

Астанада жылдағы дәстүрге сай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Бұл Астана күнін тойлаудың салтанатты түрде басталғанын білдіреді. Шара барысында Елбасы әскери ЖОО бітірген жас ұландарға офицерлік шен табыстады. Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясаттағы роліне, бейбітшілік сүйгіш халық екенімізге тоқталды. Көк туымызды құрметтеу, оның қасиетін сезіну қаншалықты маңызды екенін айтты

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Туды құрметтеу Отанды сүю дегенмен бірдей. Біздің туымыз болашаққа бастайтын, алдымызда көтерген туымыз. Ата-бабаларымыз жорыққа аттанарда туың қисаймасын деген бата берген. Ол өте үлкен бата. Ту елдікпен бірдей.

Жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі президенттің қолынан офицерлік шен алу мәртебесіне ие болды. Мұнан соң Елбасы мерекеге жиналғандармен тілдесті. Халықты Астана күні мерекесімен құттықтады. Еңбек жолын әскери салаға арнап, бүгін Бас қолбасшының қолынан алғашқы шен алғандардың бірі Бағдат Мұқайұлы да қуанышын жасырмады.

Бағдат Мұқайұлы,  ҚР Ұлттық Ұлан офицері:

Осы сәтті мен көп күттім. 7 жыл бойы оқыдым. 3 жыл Алматыда, 4 жыл Петропавл қаласында. Бүгін өте бақыттымын. Ата-анам келіп тұр. Сондықытан енді алға қойған мақсат - Отанға қызмет етіп, үлкен-үлкен белестерге жетіп, еліміздің тыныштығын нығайту.