Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде мал азығы тапшылығы туындауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2018
  • 3714

Тобыл өңірінде мал азығы тапшылығы туындауы мүмкін. Көктемгі салқын ауа райына байланысты көктің шығымы өте төмен болып тұр. Шаруаларды бұл жағдай бізді тақырға отырғыза ма деп алаңдайды. Сондықтан олар ертерек қамдануы керек. Тым құрығанда қамыс-құрақ жинап, төрт түлікті қыстан алып шығудың амалын қарастырулары қажет, - дейді ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері.

Шөп шабу науқаны облыста он күн бұрын басталған. Осы уақыт аралығында 220 мың тоннадан астам мал азығы әзірленіпті. Шөптің шығымдылығы былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен, кейбір жерлерде тіпті оданда аз, - дейді шабындықтағы шаруалар.

«Шеминовка» серіктестігі биыл мал азығын дайындауға ерте кіріскен. Төрт түлікті қыс бойы жемдеу үшін кем дегенде үш мың тонна шөп керек дейді. Алаңдаған шаруалар биылғы науқанда оның тең жартысын ғана жинап ала алсақ деп отыр.

Александр Фадеев, «Шеминовка» ЖШС бригадирі:

Негізі жердің ылғалдылығы жеткілікті болды. Бірақ күн салқын болуына байланысты шөп қаулап өспей қалды. Көктемде күндіз 15 градус, түнде 3 градусқа дейін суық болды.

Тобыл өңіріндегі шаруаларға биыл бір жарым миллион тонна шөп қажет. Барлық ауданға тапсырма да жүктелген. Жоспарды орындау үшін орман -тоғай алқаптары мен көл шетіндегі қамыс-қияқ ораққа ілінбек.

Сәлімжан Есенаманов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Шөптің шығымы 5 центнерден аспайды. Қазір облыс бойынша 400 мың гектардан астам шабындық орылып, небәрі 220 мың тонна шөп дайындалды. Сондықтан кез-келген алқапты, көл жағалауындағы қамыс қияқты құр қалдырмай, түгел шауып алуымыз қажет.

Шалғайдағы шаруалардың көбісі шабындықтан күдер үзіп отыр. Тығырықтан шығудың жалғыз амалы төрт түліктің санын азайту дейді. Ал ғылыми-зерттеу институты басшылары ауыл шаруашылығымен айналысатын  фермерлерге шағын метеостанция орнатуды ұсынады. Құрылғының құны екі жарым миллион теңге.

Нәбидолла Кикебаев, Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:

Қазір көп нәрсе өзгеріп жатыр. Биылдың өзінде 10-15 күнге ары қарай жылжып кетті. Күннің суықтығы мен жаздың өзінде шөп көтеріле алмай, еккен егіннің өзі көтеріле алмады. Неге десең, жер жылыған жоқ. Соның бәрін жердің жылығанын, осының бәрінің уақытының келген-келмегенін айтатын құрылғы осылар.

Осыдан алты жыл бұрын аймақта қуаңшылық болып, шөптің құны шарықтап кеткен еді. Биыл сол жағдай тағы қайталануы мүмкін деген қауіп те бар. Бірақ  шабындықтың шығымы шамалы болғандықтан ба, шаһар шетінде буылған шөп сататындардың да қарасы әзірге көрінбейді.

Заңғар САНАЙ