Русский Сайттың толық нұсқасы

Әдемі кештерді әуенмен әлдилеген Алтынбек. Астана – шуақты қала!

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2018
  • 3556

Астананың бейнелеп айтқанда «жүрегі жоқ» дейтіндер бар. Өтіп жатқан қаншама концерт, спектакльдер, әдеби кештердің бәрі саяси сипатқа ие еместігін білмейді. Өнерсүйер қауым қалыптасып келе жатқанын, мәңгіні, құндылықтарды әспеттейтін адамдардың жиі бас қосып, пікіралысатынын да білмейді. Тіпті «үлкен қалаға» тән штрихтар пайда болғанын көрмейді. Мысалы, Есілдің жағасындағы Кенесары ескерткішінің маңындағы жаяу жүруге лайықталған жерде Алтынбек есімді жігіт жаздың әдемі кештерін сыршыл әуенімен әлдилейді. Пианино тартып. Алтынбектің қасиетіне, болмысына риза болғаны соншалық, біздің тілшіміз Дәуренбек Бақдәулетұлы материал жасауға өтініш білдірді. Сюжетінде Еуропаны шарлап, ақыры елге қайтқан Құсман суретші туралы да айтады.   

«Бұл адам тұратын қала емес. Мұнда бәрі қымбат. Барлығы тек ақша табу үшін жүр. Сабылысқан адамдар, кептелген жолдар». Астана жайлы осындай сөз жиі айтылады және адам психологиясына сай негативті пікір тез қабылданады. Ал, осы қаланың мәдени өміріне соңғы рет қашан зер салып, үңіліп көрдіңіз? Жас астанада аз уақытта өзіне тән аура, мәдениет, тіпті дәстүрі қалыптасып келе жатқанын байқадыңыз ба? Қыста қабағы қатулы көрінетін бас қала, жазда жаны жайсаң, тіршілігі қайнаған қалаға айналып шыға келеді. Мәселен, Ерке есілді жағалап, таңды атырған ғашықтардың да, ағылып келіп жататын қонақтардың да сүйікті жерінің бірі - Арбат. Ал, Алтынбек болса, Арбаттың әдемі кештерін сыршыл әуенімен әлдилеп, қызығы мен құпиясы мол алаңның айнымас бөлігіне айналған.

Алтынбек Ақниет, пианист:

Осы жерде ойнайтынымның басты себебі, осы жер көрсетеді адамдардың мәдениетті екенін,әр кеш серуендеп жүргендер осы үшін келеді, жұмыстарын қалдырып, тыныштанып,  таза ауа жұтып серуендеп дегендей...

Құсманбек Омарұлы, суретші:

Енді сырт қараған адамға оңай көрінер, отырып сала салады екен, оңай ғой мынау деп. Ойбу, мынау жарты-ақ сағатта салады екен портретті дейді. Мен түсіндіріп айтамын, бұл жарты сағат емес бұл өмір деп. Бір суретшінің өмірі. Мен өмірімді арнадым, қазір осы деңгейге жеттім деп, солай түсіндіремін.

Алтынбектен өзге мұндағы мәдени өмірдің айнымас бөлігіне айналған суретшілер Мұрат Ералиев пен Құсманбек Омарұлын да көпшілік жақсы біледі. Қыл қалам иелері адамның бақытты сәтін ақ қағазға айнытпай салудың һас шеберлері. Кезінде «Қазақфильмде» істеген Құсман аға кеңестік жүйе құлаған кезде жұмыссыз қалып, бір шабаданымен алдымен Мәскеуге жол тартады. Сосын сөздікпен немісше үйреніп Германияға, артынша Чехия мен Барселонаға барады. Соңында Парижден бір-ақ шыққан. Бірақ еуропа қылқалам өнерінен қанып ішіп, әжептәуір жетістіктерге жетсе де «қал» деп үгіттегендерге көнбей, елге қайтқан. Алматылық суретші Астана күніне қарсы Елордаға жыл сайын келеді.

Құсманбек Омарұлы, суретші:

Еуропада мен 8 жыл жүрдім. Біраз қаласын араладым. Онда жастау болдық, отбасым болды. Отбасым осында қалды, мен барып табыс тауып алып келемін. Ел ол жаққа қаражатын құртуға барса, мен табыс табуға бардым ол жаққа. Баяғыда өзім шетелдерге шығып жүрген кездерде мен ойлаушы ем, шіркін ай, біздің жастарды2-3 айдан жіберіп алса ғой деп, ол кезде шығу қиындау болды ғой көбіне. Ал, қазір емін-еркін жастар барады, оқиды, келеді, солар мәдениетін де алып келеді.

Еуропаның көше мәдениетін тек Құсман аға ғана аңсамайды. Үміттің сөнбейтіні - сол мәдениеттің бір бөлігі төл мәдениетімізбен де ұштасып келе жатқаны байқалады. Сонымен бірге біздің «көшпенділер мәдениетін» ұнатып, қанша жылғы философиясынан бас тартқандар да бар. 

Гириш, Астана медициналық университетінің студенті:

Қазақша етті ұнатамын. Мен осы жаққа келгенше вегетариан болған едім, Астанаға келіп ет жеп кеттім. Мен Астананың жақсы көремін, 20 жылдық құтты болсын!

Қысылтаяң сәттерді, сын сағаттарды көрген үлкендер де адамдарының ауызбіршілігі жарасқан жас мемлекетімізді, оның сәулеті келіскен Астанасын жақсы көретіндерін риясыз көңілмен жеткізеді.

Зибаш апа, Қызылорда облысының тұрғыны:

Жылына 2-3 мәрте келіп кетемін. Балаларым осы жақта. Астананың 20 жылдығы құтты болсын, ел тыныш, жұрт аман болсын. Әрімге Алланың нұры жаусын! Әркімнің осы жаққа келіп істеген ісіне берекетін, жұғымын берсін.

Мінайдар Шәкенов, Астана қаласының тұрғыны:

Әрине, жақсы көреміз. Біздің Қазақстанның Астанасы ғой. Ерекше, архитектурасы, табиғаты, халқы, ерекше - барлығы.

Серуендеген жұртты сырлы сазға елітіп, тоқтатып қоятын Алтынбекке тағы бір мәрте оралсақ. 24 жастағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-ші курс студентін жоғары оқу орнының оқытушылары әу баста «сенің еш білімің жоқ», деп кері қайтарған екен. «Алдымен колледж бітіріп кел»,- деген. Алтынбек ашуланбайды, айтқан ақылды тыңдап, Көкшетаудың өнер колледжіне түсіп, 4 жыл жатақханада жатып, арнайы орта білім алады. Кейін өнер университетіне қайта келеді. Енді міне, жоғары білім ошағын аяқтауға да аз қалды. Ол ерекше жігіт. Ол қайтпас қайсар жан!

Алтынбек Ақниет, пианист:

- Алтынбек бүгінгі сұхбатта мына мәселені де айналып өте алмаймыз, өкінішке қарай, ауруыңа байланысты, арбада отырғаның...

- Негізі өкінішке орай деп айтуға болмайды. Бұл менің артықшылығым. Неге десеңіз, осы арқылы өзімнің басқа өмірлік жолым өте көп нәрсеге, білімімді нығайтуға себептендірді. Білесіз бе, адамда бір мүшесі әлсіз болса, басқа жағы күшейеді, сол секілді қабілетімді осымен түсіндіре аламын.

Алтынбектің денесінде кальций жетіспегендіктен сүйектері сынғыш. Мұндай дерт сирек кездеседі. 60 –тан астам рет аяғы сынып, әр сынғанда 1,5 - 2 айдай гипсқа таңылып жатқан кездері де болған. Ал, 12 мүшеміз сау болса да, бәрінен шаршап-шалдығып, түңіліп жүретін бізге сонда не жетпейді?- деп еріксіз терең ойға шомылдым... Иә, Астананың да жан төзбес жақтары бар, аз емес. Бірақ ол басқа әңгіме...

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

 «Адам мәңгі тән саулығын аңсаған,

 Біреуге аяқ, ал біреуге қол қайғы. 

Өз борышын сезінуден қалса адам,

Одан асқан мүгедектік болмайды» -  дейді Мұхтар Шаханов. Бұл Алтынбекке қарап, сосын «жаңбыр жаумай су болып жүретіндер» еске түсіп, ойға оралатын жолдар. Ал, Астананы ұнатунемесе ұнатпау сіздің кәдімгідей позицияңыз да болуы мүмкін. Алайда кешегі сұрқай Целиноградтың бүгін білдей Астанаға айналып, өзіне тән мәдениет, өзіндік болмыс, өзінің бет-бейнесі қалыптасып, жастарды магнитше тартатын Үлкен қалаға айналып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.