Русский Сайттың толық нұсқасы

52 адам тірідей жанып кеткен автобус жүргізушілерінің ісі сотқа жетті

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2018
  • 3103

Ақтөбе облысында 52 адам тірідей жанып кеткен автобус жүргізушілерінің ісі сотқа жетті. Бұл іс бойынша жүргізушілерден өзге 3 адам сот алдында жауап бермек. Бас прокуратура мәліметінше, автобус иесіне күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалып, халықаралық іздеу жарияланған. Жақсыбек Кемал толығырақ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

5 айыпталушының үшеуі автобустың жүргізушілері болса, қалған екеуі - жолаушылар тасымалымен айналысатын «Азия транс сервис» компаниясының қызметкері. Нақтырақ айтқанда, бірі - құрылтайшы, екіншісі - серіктестігінің механиігі. Олар жолаушылар көлігін сапарға аттанар кезде тексеруге міндетті болған.

Сот бұған дейін автобус жүргізушілерін қамауда күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қабылдап, ол төрт рет ұзартылған болатын. Ал серіктестіктің құрылтайшысы мен механикке қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

Айыптау актісіне сәйкес, Пернебеков, Қырғызбаев және Таңатов көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін айыпталуда. Тілепбаев өз міндетіне адал қарамағаны, көлік құралдарын сапасыз жөндеу және жалған құжаттарды дайындағаны үшін, Пердебаев жалған құжаттарды дайындағаны үшін  айыпталуда.

Оқиға қақаған қыстың 18-інші қаңтарында "Самара-Шымкент" тасжолында болған еді. Автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы ажал құшты. Мамандар қайғылы жағдайға  салон ішінде ашық оттың пайдалануы себеп болғанын айтты. Ырғыз ауданының Қалыбай ауылының тұсында болған оқиғадан тек 5 адам ғана аман қалды. Оның екеуі Өзбекстан азаматы болса, үшеуі қазақстандық көлік жүргізушісі. Елді елең еткізген бұл оқиғадан соң елімізде қалаларалық рейстерге шығатын автобустарға тексеріс күшейді. Мамандар көліктің техникалық жарақтылығы мен құжаттардың дұрыс болуын қадағалайды. Облыстық көлік инспекциясы мамандарының айтуынша, 2 күн бұрын ғана осындай ереже бұзған көлік жүргізушісі ұсталған.

Нарек Гегамян, облыстық көлік инспекциясының бөлім басшысы:

Автобусты лицензиясыз жүргізу дерегі мен тасымал келісімшартының және жолаушылар тізімінің болмауы секілді құқық бұзушылықтар анықталды. Ақтөбелік тасымалдаушылар мұндай ережелерді бұза бермейді. Мәселен, соңғы ұсталған автобус жүргізушісі Қызылорда облысынан.

Жақсыбек Кемал, тілші:

5 айыпталушыға қатысты іс Ырғыз аудандық сотында қаралады. Алғашқы сот тыңдалымы бес тәуліктен кейін белгілі болады. 

Жақсыбек КЕМАЛ