Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы 7 дәріханада рұқсат етілмеген дәрі сатылып келген

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2018
  • 5004

Астанадағы дәріханаларда рұқсат етілмеген дәрі сатылып жатыр. Бұл туралы Фармация департаментінің басшысы эксклюзивті сұқбатында айтты. Препарат жүкті әйелдерге шаранасын сақтап қалу үшін беріледі. Мамандардың дәріханаларды тексеруге құзыры жоқ. Оған заң кедергі. Сондықтан ол емін-еркін саудада. Тіпті біздің тілшілеріміз препаратты дәрігердің нұсқаулығынсыз сатып алуға болатынына көз жеткізіп келді. Дәуренбек Бақдәулет баяндайды.

«Утрожестан» дәрісінің қаптамасы-ақ күдік тудырады. Мұқабадағы жазба орыс тілінде. Ал елдегі заңнамаға сай ол міндетті түрде мемлекеттік тілде де жазылуы тиіс. Күдікті дәрі түпнұсқадан мың теңгеге арзан сатылыпты. Бұл компания өкілдерінің күдігін тудырған. 

Айгүл Қажығалиева, дәрі өндіруші компанияның аймақтық менеджері:

Мұнда не жатқаны тек сараптамадан соң белгілі болады. Бізді алаңдатқан шығын емес, дәрінің қайда, қалай жасалатыны, ол жүкті әйелдерге арналғандықтан, ана мен бала денсаулығына зиян емес пе екен? Мүмкін, ол талаптары сақталмай бір қоймада қапталып, Қытайдың ала дорбасымен жеткізілген шығар, ал оны ішіп жүрген аналардың денсаулығына кім жауап бермек?

Ал сараптама қорытындысы осы айдың соңында мәлім болады. Мәселеге Фармация комитетінің Астанадағы мамандары араласып, тексерісті бастады. 7 дәріханада күмән тудырған препарат дәрігердің нұсқауынсыз сатылғаны анықталған.

Айжамал Батыралиева, ҚР ДСМ фармация комитеті Астана қаласы департаментінің басшысы:

Тексеріс кезінде дәрілік заттың қайдан жеткізілгені туралы құжаттары болған жоқ. Бұл - заңға қайшы. Оларға айыппұл салынды. Сондықтан дәрі аларда міндетті түрде қаптамаға назар аударып, қазақ тілінде жазбасына назар аударған жөн. Бұл қарапайым адам ажырата алатынжалғыз айырма. 

Әзірге дәріханаларда бұл препарат емін-еркін сатылып жатыр. Біз тіпті оның дәрігердің нұсқаулығынсыз сатылғанына куә болдық.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Мамандар шарасыз. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі заңға сай, тексерісті тек тұтынушыдан шағым түскен кезде ғана жүргізе алады. Әзірге рұқсат етілмеген дәріні сатты деп айыпталған 7 дәріханаға байланысты іс сотқа жолданды. Ол жерден алынған дәрілер қаншалықты зиянды екені сараптамадан соң белгілі болады.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ