Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы маңындағы 8 мореналық көлден қауіп күшейді - ТЖД

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2018
  • 3460

Алматыға мореналық көлдерден қауіп төнді. Өйткені аталған көлдерде қазір 1 жарым миллион текше метр су жиналыпты. Осыған орай бүгін қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары таудағы жиналған көлдерді тікұшақпен бақылап қайтты. Департамент өкілдерінің дерегінше, күннің күрт жылынуы салдарынан 8 көлге еріген мұздықтардан секундына 1 тоннаға жуық су қосылып жатыр. Осыған орай құтқарушылар «Қазселденқорғау» мекемесі мамандарымен бірлесіп, еріген суды ағызу жұмыстарын қолға алған.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда 8 мореналық көлде 1 жарым миллион текше метр су бар. Соның бәрін төмен қарай сорғы арқылы, сифондар арқылы, эвакуациялық каналдар арқылы төмен түсіріледі. Алматы қаласының тұрғындарына ешқандай себеп жоқ алаңдауға. ТЖД және "ҚазСелденҚорғау" мамандары мореналық көлдерді қатаң бақылауда ұстап отыр.

Самат Дәуленқанов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасының басшысы:

Ауа-райының күрт жылынуы жұмысқа біздің қолайсыздық тудырып жатқан жоқ. Дегенмен де құйылып жатқан судың текше метрі көбейеді. Сондықтан біз насостарды, сифондарды қосу арқылы көлді эвакуациялық каналдан ағып шықпауға мүмкіндік жасап жатырмыз. Өйткені, су каналдан ағып шығып кеткен жағдайда, көлдің жарылып кету қаупі туындайды.

Айта кетейік, Алматы маңында 37 мореналық көл бар. Оның 15-і сел тасқынын тудыруы мүмкін, әсіресе 8-і аса қауіпті деп саналған. Өткен жылы да тауда осындай жағдай болған. Ол кезде 7,7 миллион текше метр су ағызылыпты. Төтенше жағдай мамандары көлдерді бақылау үшін цифрлы жоба әзірленіп жатқанын айтты. Жоба мақұлданса, көл суының деңгейін автоматты түрде анықтап отырмақ.