Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отан" партиясы халықаралық байланысты нығайтуға басымдық беріп отыр

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2018
  • 2521

"Нұр Отан" партиясы халықаралық байланысты нығайтуға басымдық беріп отыр. Мұндай белсенді қадамға олар шетелдік партия құрылымындағы жаңашылдықпен танысу, тəжірибе алмасу барысында қол жеткізбек. Осы орайда бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев Оңтүстік Африка республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті. Африкалық дипломат арадағы мыңдаған шақырымдық қашықтыққа қарамастан, екі елді байланыстыратын бірқатар саланың барын тілге тиек етті. Əсіресе парламентаралық жəне партияаралық байланыстармен қатар білім мен мəдениетте де ортақ келісім табуға үлкен мүмкіндіктер бар екенін айтты.

Мəулен Əшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуін қолдаймыз. Əрі оңтүстік африкалық саяси партиялармен байланысымызды нығайта түсеміз деген сенімдеміз. Оңтүстік Африка Республикасы Африка құрлығындағы Қазақстанның маңызды, сенімді серіктесі. Оның үстіне бірқатар салаларда бізді байланыстыратын ортақ жобалар көп.

Сондай-ақ елдегі ең ірі саяси ұжымның жұмысына Израиль мемлекетінің өкілдері де қызығушылық танытып отыр. Бұл жайлы Қазақстандағы елшісі Михаэл Бродски кездесуде айтты. Қос тарап партияаралық байланыс алдағы уақытта барынша беки түсетіндігіне сенімді. Оның үстіне, Израиль - инновациялық даму жолындағы жетекші мемлекеттердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың қарқын алуына қанат бітіреді, деді  Мəулен Əшімбаев.