Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық волейболистер алғашқы жеңіске жетті

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2018
  • 3217

Өскеменде әйелдер арасындағы волейболдан Азия чемпионаты басталды. Жарыс спорт сарайында өтіп жатыр. Бір аптаға созылған тартысты ойындарды 5 мыңнан астам адам тамашаламақ. Доданың ақтық сыны шілденің 18-де өтпек. Отандастарымызды алғашқы жеңіспен тілшіміз құттықтап қайтты.

Жалауы көтерілген жарысқа 9 елдің үздік командалары қатыспақ. Волейболдан Азия чемпионаты осымен екінші рет Өскеменде өтіп жатыр. Қазақстанның намысын елдің 3 дүркін чемпионы - шығысқазақстандық "Алтай" командасы қорғамақ. Бас бапкер Юрий Панченко отандық спортшылардың білек сыбана дайындалғанын айтады. Өткен турнирде қазақстандықтар жартылай финалда сыннан сүрініп, төртінші орынды еншілеген болатын. Бұл жолы олар жеңістен дәмелі.

Юрий Панченко, «Алтай» командасының бас бапкері:

Қыздарым тартысқа дайын, жеңіске үміті зор, біз жарысты үйде өткізіп жатырмыз. Сондықтан барлығы бізден жеңісті күтеді. Бізге эмоцияға берілмей, абыржымай ойнау керек. Бұл жарыста бірнеше елдің озық командалары тоғысқан.

Жарыстың ашылу салтанатында командалар таныстырылып, лазерлі шоу көрсетілді. Чемпионатты Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының президенті Нұртай Абықаев ашты.

Делібесі қозған жанкүйерлер отандастарымызға мықты қолдау көрсетті. Осының арқасында қазақстандық спортшылар Иранның "Пайкан" командасын 3  партияда да ойсырата жеңді. Волейболшыларымыздың келесі ойыны екі күннен кейін өтпек. Олар демалысты пайдаланып, жаттығу жұмыстарына көңіл бөлетіндерін хабарлады.

Сана Анарқұлова, «Алтай» командасының капитаны:

Ойынның алдында қатты қобалжыған едік. Алғашқы ойын ылғи қиын өтеді. Бірде сетканы тиіп кеттік, бірде доп алаңның сыртынан шығып кетті. Келесі жолы әр қатемізді түзеуге тырысамыз.

Шығысқазақстандықтар енді Қытайдың Тайбэй қаласының командасымен бақ сынаспақ. Ал жарыс жеңімпаздары шілденің 18 күні анықталады.