Русский Сайттың толық нұсқасы

Ядролық технологиялар паркінің жобасы Жапонияда сыналып жатыр

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2018
  • 3464

Қазақстандық мамандар өнімі Жапонияда сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл - өткізгіштігі жоғары магнитті-резонанстық томография. Ғалымдар жамбас сүйегін алмастыратын протез де шығарған. Мамандар өнімін Шығыс Қазақстанның инновациялар мен технологиялар жөніндегі Кеңес бағалады. Тілші сабақтайды.

Мына өнімді қолданған шаруалар енді қуаңшылықтан қорықпайды. «Супер абсорбент» деп аталатын ғажайып ұнтақтың қуаты орасан. Мұны өсімдік отырғызғанда кеңінен қолдануға болады. Ең бастысы, мұнда ешқандай химия жоқ, бәрі табиғи.

Зейнолла Ершин, ядролық технологиялар паркінің бөлім басшысы:

Бұл ұнтақтың бір граммы өзіне 300 грамм суды сіңіре алады. Мұның басты ерекшелігі сол - ешқандай қосымша химиялық элементтер қолданылмайды. Қазір сізге оның суды қалай сіңіретінін көрсетеміз. Бұл үшін 1 -1,5 минут жеткілікті. Осыдан кейін ұнтақ гельге айналады.

Өскінді еккен кезде осы гельді тамырға жіберсе жеткілікті. «Семей орманы» резерватындағылар биыл көктемде қарағай көшеттерін отырғызған кезде осы супер абсорбентті пайдаланған. Ғажайып ұнтақты сәби жаялығы өндірісі мен косметология саласында және ауыл шаруашылығында қолдануға болады. Шығыс Қазақстан Техникалық университеті Үлбі металлургиялық зауытымен бірлесіп титан балқымасынан жасалған 11 имплант әзірлеген. Бұдан адамның жамбас сүйегіне орнатылатын протездер жасалады. Әзірге сынақтан өтіп жатыр.

Сергей Плотников, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ техникалық физика кафедрасының меңгерушісі:

Қоянға тағылған балқымалардың үлгісін жақын күндері жібереміз. Бұл іс үш айға созылады. Тағы үш ай өткесін, нақты нәтижесі шығады. Балқыманың сұранысқа ие боларына сенімдіміз.

Ядролық технологиялар паркінің тағы бір жобасы - магнитті-резонансты томографтың өткізгіштігі жоғары желісі - қазір Жапонияда сыналып жатыр. Жапондық «Фуракава» фирмасындағы сынақ сәтті аяқталса, бұл өнімнің әлемдік нарыққа шығарылар күні де алыс емес. Шығыс Қазақстандағы инновациялар мен технологиялар Кеңесінің мүшелері осы өнімдердің кейбірін егжей-тегжейлі тексермек. Күні бүгін өңірде құны 3 млрд тг тұратын 7 жоба жасалыпты. Олар алдағы үш жылда қолданысқа енгізіледі.