Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған баспана салынбақ

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2018
  • 6944

Астанада қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған "баспана" салынбақ. Бюджеттен оған 675 млн теңге бөлінген. Мамандар хабарлағандай, елордада жыл басталғалы  иесіз иттер 300 адамды қауып үлгерген. Елордамызда баспанасыз жүрген қанша мысық пен ит бар?  Олар қаншалықты қоғамға қауіпті? Тілшіміз  Диана Сапарқызы біліп қайтты.

Естеріңізде болса осыдан бір жыл бұрын астаналық тұрғынның жүрегін ауыстырғаны туралы репортаж жасаған едік. Данияр Әбдуов пәтер иелері коперативінің төрағасы қызметінде еді. Ал бүгін ол - елорданың қаңғыбас иттері мен мысықтарын аулайтын мекеменің директоры. Оның айтуынша, Астанада алғаш рет салынғалы тұрған жануарлар панасы 200 орындық болады. 100-і мысыққа, қалғаны иттерге. Ол енді жануарларға арналған аурухана салуды ұсынбақ.

Данияр Әбдуов, «Астана ветсервис» КММ директоры:

Құрылысын басталғалы тұрған мемлекеттік пана жануарларға ыңғайлы етіп салынатын болады. Аулап алынғандарды сол жерде ұстайтын боламыз. Келесі жылы құрылысы аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Салынғалы тұрған мекеме Астанадағы Сарыарқа ауданында орналасатын болады. Дәлірек айтсақ, Тілендиев даңғылы мен автокөлік иелері үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қиылысында жер телімі бөлініп те қойған.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанада ай сайын 400- ге жуық ит пен мысық ауланады. Міне жаңа ғана аулаушылар 10-нан аса иттің күшігін ұстап әкелді. Ары қарай бұл иесіз жануарларды уақытша баспанаға орналастырады. Одан кейін бұлардың көбісін қайырымды жандар өз қалауларынша асырап алатын көрінеді.

Медет Қылышбаев, «Астана ветсервис» КММ директорының орынбасары:

Тұрғындарға бұл қаңғыбас жануарлардың қауіптілігіне келетін болсақ. Бірінішіден, панасыздар далада қоректенеді. Олар белгілі бір территорияны мекендейді. Олар сол жерді күзетеді, қорғайды. Басқалармен бөліскілері келмейді. Сол аймаққа адам аяғын басса, қорғаныш белгісі ретінде шабуыл жасай бастайды. Яғни қауып алады.

Астанада жыл басынан 2 мыңнан аса иесіз ит пен мысық ауланған. Ал ай сайын орташа алғанда 300-400-ге жуығы ұсталады. Биыл 300-ден астам адамды ит қауып алған.

Елде мемлекеттің қолдауынсыз иесіз жануарларды паналатып отырған бірнеше қайырымдылық мекемелер бар. Олардың бірінде ғана қазір мыңнан астам мысық пен ит бар. Бұл орталық қыс кезінде қала ішіне орналасса, ал жаз айларында қала сыртындағы үйге ауысады. Мұнда келетіндер өздеріне үйренген үй жануарын аяусыз тастап кетеді. Бірақ арнайы келіп оларды асырап алатындар да бар.