Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да «Алтын адамның» барын айғақтайтын олжа табылған

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2018
  • 4160

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында ежелгі сақтардың 200-ден астам қорғаны табылды. Ғалымдардың пайымынша, алтыннан құйылған әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар - біздің дәуірімізге дейінгі 8-ші ғасырда бұл жерде металл өндірісі болғанын дәлелдейді. Бұл - біздің ежелгі көшпенді тайпалар жөніндегі түсінігімізді түбегейлі өзгертуі де мүмкін екенін айтты. Алғашқы экспедицияның нәтижесі туралы тілшіміз баяндайды.

Сақ тайпаларының 200-ден астам қорғанын археологтар Тарбағатай тауларының арасынан тапқан. Ортасында тұрған алып қорған патшаға тиесілі көрінеді. Мамандар оны көктемде қазуды жоспарлап отыр. Алғашқы қазба жұмыстары кезінде бағалы әшекей-бұйымдар табылған. Сондықтан археологтар бұл жерден тағы бір "Алтын адам" шығуы мүмкін деген болжам жасайды.

Количество золота дает основание говорить о золотом человеке.

Алғашқы экспедицияда табылған бағалы олжаны археолог Зейнолла Самашев көрсетті. Бұл әшекей бұйымдар б.д.д 8 ғасырда өмір сүрген көшпенділердің тек мал шаруашылығында ғана емес, металлды өндіру мен өңдеу ісінде де шебер болғандығын көрсетеді, дейді ол. 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы алтын шығару үшін біздің ата-бабамызда шахталар болды, разрездер болды. сосын олар бұл алтынды тазалап шығарды ғой. Орысша бұны обогащение дейді.  Өткен заманның 8-ғасырда біздің халқымызда үлкен индустрия, тамаша технология болған. Сонда біздің халқымыздың қандай тамаша терең мәдениеті болған.

Зейнолла Самашевтың айтуынша, бір қорғанның өзінен 3,5 мыңға жуық жәдігер табылған. Алтын алқа, бағалы тастардан өрілген моншақ, сырға және тағы басқа бұйымдар күрделі технологиямен өңделген, дейді ғалым. Қазба жұмыстары қорғанның ортасына жеткен. Оның астында сақ тайпасындағы хан тұқымы жатуы да мүмкін, деп болжамдайды олар.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

Үш қорғанды биыл бастағанбыз, соның біреуінен көптеген жақсы бұйымдар шығып жатыр. бірақ әлі аяқталған жоқ. бұл шыққан дүниелердің барлығы б.з.д. 8-7 ғасырлар, яғни 2700-2800 жыл бұрын өмір сүрген халықтардың мәдениеті, патша әулетінің мәдениеті, содан кейін жерлеу рәсімін көрсететін ескерткіштердің қазып жатырмыз.

Мамандар қорғанның көріктілігін жоғалтып алмас үшін әрбір тасты абайлап алуға тырысуда. Олардың пайымдауынша, «Елеке Сазы» аумағындағы қорғандар әлемде тендесі жоқ мұралар болуы ғажап емес. 

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

5-6, он шақты жыл ма қазба жұмыстарын жасаймыз. Қазақстанда алтын адамдар көп қой, солардың қатарына тағы бір алтын адамның ескерткіші қосылды деп айтамыз. Бұның Шығыс Қазақстанда табылғанының өзі - біз үшін ғанибет.

Археологтар қыркүйек айында өтетін халықаралық форумда өздерінің тың жаңалықтарын жалпақ жұртқа жария етпек. Бағзы заманғы тайпалардың әдеп-ғұрпын тереңірек білу үшін «Елеке Сазы» қорғандарында табылған артефактілер ең алдымен бастан-аяқ зерттеліп, кейін мұражайларға тапсырылмақ.

А.Құрманкин