Русский Сайттың толық нұсқасы

Денис Тен әжесінің қасына жерленеді

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2018
  • 3256

Жазатайым қаза тапқан жас спортшының өліміне күдіктілер анықталды. Бүгін таңертең полиция олардың біреуін құрықтағанын мәлімдеді. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған тағы бір сезіктінің фотосуреті жария болды. Ал бүгін Денистің ата-анасына көңіл айтып жатқандардың қарасы қалың болды. Оның арасында Мәдениет министрі де болды.

Қалалық прокуратура дерегінше, күдіктінің біреуі ұсталған. 24 жастағы Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы қылмысты жасағанын мойындаған. Мына бейнетүсірімді тергеушілер жүргізген. Күдікті қанды оқиғаның қалай болғанын баяндап жатыр.

Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы ІІД басшысының орынбасары:

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде және куәгерлердің берген мәліметі бойынша оқиға орын аумақтағы сыртқы бейнебақылау камераларының зерделенуі нәтижесінде күдіктілердің жеке бастары анықталды. Күдікті ретінде олардың біреуі Жамбыл облысында 1994 жылы туылған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.

Ал екінші күдіктіні полиция іздеп жатыр. Қазір оның жеке басы анықталған. Желіде мынадай фотосурет жарияланып, күдіктіге қатысты мәліметтер пайда болды. Тергеу дерегінше, күдіктілердің спортшыны өлтіру ниеті болмаған. Пышақты көлік айнасын шешіп алу үшін алып шықса керек. Ал автобөлшек саудасындағылар айна құны небәрі 60 мың теңге тұратынын айтады. Айнасы ұрланған көлік Денис үйінің ауласында иесіз тұр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Денис Тен өмірінің соңғы күндерінде өз ата-анасымен Алматының орталығындағы мына тұрғын үйде тұрған. Бүгін таң атқалы көңіл айтып келіп жатқан адамдар арасында танымал тұлғалар, спортшылар мен қарапайым қала тұрғындары бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марқұмның денесі ертең "Достық" шағын ауданында әжесінің жанында жер қойнына беріледі.

Спортшының туыстары қандай бір түсінік беруге құлықсыз. Мәдениет және спорт министрі жақындарына көңіл айтып шықты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Осы қазір келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы өзі телефонға шығып, "әке-шешесімен қосып бер, мен өз көңілімді айтып, білдіруім керек" деді. Кеше телеграмма жіберген болатын. Бұл еліміздегі әр адамға деген сезімнің көрінісі. Неге десеңіз? Денис Тен - өз отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның, дүниежүзінің мақтанышы.

Жас спортшының ата-анасына көңіл айтып, қайғысына ортақтасуға келген елдің ішінде спортты бірге бастаған достары да болды. Денисті мәнерлеп сырғанауға балдырған шағынан баулыған тұңғыш жаттықтырушысы да бүгін осында.

Айгүл Қуанышева, Д. Теннің алғашқы жаттықтырушысы:

Маленький был, такой пластичный. И когда мы начали заниматься, он был такой упорный. Что-то не получалось, начинали прыжки одинарные учить, он всегда оставался. Я говорила: все, хватит. Нет, он дальше работает, работает. И уже тогда было видно, что у него есть эта изюминка.

Андрей Лебедев, досы:

Біз кішкентай кезімізден бірге жаттығушы едік. Ол кезде «Олимпик» деп аталатын ескі сырғанау алаңы болатын. Денисті соңғы рет алдыңғы күні көрдім. Бірге жаттығу жасадық. Әдеттегідей ашық-жарқын болатын. Өмірден өтіп кетеді деп ойламадым. Сенер емеспін. 

Кеше түннен бері тұрғындар Республика сарайының алды мен оның жараланған орнына гүл шоқтарын әкеліп, фотосуреттерін қойып құрмет көрсетуде.

Еліміз үшін үлкен қайғы, чемпионымызды қорғай алмадық. Өте ашық, жарқын, кең жігіт еді. 

Бәріміз үшін, спорт әлемі үшін ең ауыр қаза. Оның анасының не сезініп отырғаны ойласам, шошып кетемін.

Қарақшыларға тап болған жас спортшының денесі бүгін туған үйінде соңғы күн дамылдайды. Ертең Алматы мен Астана жұртшылығы бір мезетте ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатыса алады. Ол Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт кешені, ал Астанада "Барыс арена" кешенінде ұйымдастырылады.  

Ришат Асқарбекұлы