Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте 14 жасар қыз бала суға түсіп көз жұмды

  • AstanaTV
  • 26 шілде 2018
  • 3509

Шымкентте алты жылдан бері жүзу спортына қатысып жүрген 14 жасар қыз тізеге жетер жетпес суда қайтыс болды. Полиция бұл жайтқа қатысты «Абайсызда кісі өлімі» бабымен істі тергеп жатыр. Өйткені Пахтакор-1 шағын ауданында болған қайғылы оқиға су сорғысының кесірінен болуы әдбен мүмкін. Мән -жайды әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

14 жасар қыз елді мекен ішімен ағатын каналдың дәл осы тұсында көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, ол сол күні итін серуендетуге шыққан. Алайда арада екі сағат өтпей оның денесін судан тауып алыпты.

Қаршадай қызды алғаш болып 19 жастағы көршісі Руслан көріпті. Жедел жәрдем шақыртқан. Суда етбетімен жатқан адамды баланы құтқармақ болған. 

Руслан Әбдірайымов, куәгер:

Мен келген кезде насос осы жерде тұрды. Қыз ар жақта жатқан. Ит те аяқтың астында жатқан-тұғын. Бірден түстім артынан. Артынан түскенде ток ұрғаннан кейін қайттан шығып кеттім мен сол жерден. Кейін мен амалдап ортаға бастым да, амалдап арғы бетке өтіп кеттім. Артымнан өзбек келе жатыр еді, оған айттым насосты шығарып ал деп. Ол дәл осы жерден тартып шығарып алды. Мен арғы жақтан қайта түстім дағы қызды шығаруға тырыстым. -Ток қатты ұрды ма, қаншалықты күшті болды? - Қанша күшті болғанда шіли қатты ұрған жоқ мені. Мен өйткені бір аяғымды тықтым ғой. 

Қапыда қаза тапқан 14 жастағы Валерия, Гончоренко отбасының бауырына басқан қос қызының кенжесі екен. Әкесінің айтуынша биыл жетінші сыныпты аяқтаған ол сол күні әпкесінің орнына итті серуендетуге шығыпты. Олар суға түскен итті ток ұрғанда құтқарамақ болған деп топшылайды.

Константин Гончаренко, баланың әкесі:

Құрылғыда ақау болған деп ойлаймын. Кез келген құрылғыны қолдану ережесі бар емес пе, демек ол насос дұрыс жұмыс істемей тұрған. Техникалық тексеруден өтуі тиіс қой кез келген техника

Осы оқиғадан кейін тұрғындар балалары үшін алаңдаулы. Халық бау-бақшасын осы сумен суарады. Тіпті жер астымен жүргізілген электр желілері әр жерде қылтиып жатыр. Тұрғындардың білуінше бұл алғашқы кісі өлімі. Бірақ бұған дейін канал ішінде ит пен ірі қаралардың өліп жатқандарын көргендер бар.

Алтынай Қалымқұлова, Пахтакор-1 шағын ауданының тұрғыны:

Балаға шомылма демейміз, шомыла береді бала деген. Сол үшін бұл моторларды лажы болса, күндіз қоймаса жақсы болатын еді. Енді мен түсінемін, бәріне су керек қой.

Жасөспірім көз жұмған кезде суда болған құрылғының қожайынымен тілдесу мүмкін болмады. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. «Абайсызда кісі өлімі» бабымен іс қозғалған.

Ғалымжан Сайыпов Шымкент қаласы ІІБ Еңбекші аудандық полиция бөлімінің  аға тергеушісі:

Болжам бойынша өлім себебі сол каналда орнатылған электр су насостың техникалық ақауына байланысты ток ұрған. Сол себептен өлім болған. Қазіргі таңда өлім себебін анықтау үшін сот медициналық сараптамасы тағайындалған. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқиға орнынан су сорғысынан бөлек тағы бірнеше зат алынған. Қазір барлығы сараптамаға жөнелтілген. Жергілікті жұрт 14 жасар қызды ажал құштырған жағдай сабақ болуы үшін өзге су пайдаланушыларға белгілі бір талап қойылса дейді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ