Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында ірі көлемде ет өндіретін кәсіпорын үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2018
  • 4374

Батыс Қазақстан облысындағы «Батыс Марқа Ламб» кәсіпорны басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы облыстағы еңбек инспекциясынан мәлімдеді. Өйткені өңірдегі инвестициялық жоба саналатын кешен жыл басынан бері жұмысшыларына бірнеше рет жалақы төлемепті. Шаруа қожалықтарына да берешегі шаш-етектен. Қарызы 40 миллион теңгеден асқан кәсіпорын жайлы әріптесім Еркін Карин баяндайды.

Еркін Карин, тілші:

"Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір, берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле" деп ұрандатқан мына кәсіпорынның қазіргі халі адам аярлықтай. Тәулігіне 1400 бас марқа қозыны союды міндетіне алған мекеменің есігінде қара құлып тұр, айналасында күзетшілерден басқа тірі жан көрінбейді.

2015 жылы кәсіпорын ашылғанда көптің қуанышында шек болмады. Өйткені жергілікті шаруалар мыңдаған шақырым жердегі басқа облыстарға ет тасу азабынан құтылды. Күре жолдың бойындағы кешенге осы аумақтағы төрт ауданның қожалықтары малын етке өткізетін. Бірақ қарқынмен басталған кәсіпорын былтыр 83 тонна қой етін шекара асырғанымен, күзден бері жұмысы кері кетті. 

Артур Ермұқанов, БҚО Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Комбинаттың соңғы уақыттарда қожалықтарға және жұмысшыларға берешегінің қалыптасуына байланысты бүгінгі таңда жұмысы уақытша тоқтап тұр. Бұл комбинат жеке кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, ішкі жұмыстарына араласа алмаймыз. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан комбинаттың басшылығына бірнеше рет хат жазып, қарызгерлермен тікелей кездесу жөнінде баяндаған болатынбыз. Алайда одан еш нәтиже болған жоқ. Мекеме басшысы келген жоқ.

Еңбек инспекциясының дерегінше, бүгінде аталған мекеменің жұмысшылары мен малын етке тапсырған шаруаларға жалпы қарызы 40 миллион теңгеден асады. Өз міндеттемесін дұрыс орындамаған кәсіпорынға инспекция 336 мың теңге, ал жұмысшылар арызын қараған сот 200 мың теңге айыппұл да салыпты. Бұған да серіктестік тарапынан жауап болмаған соң, енді олар қылмыстық жауапкершілікке тартуды жоспарлап отыр.

Дастан Халелов, БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

Бірнеше рет жалақы төлемеуіне байланысты Ақжайық аудандық ішкі істер бөліміне хат жолданды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде.

Тоңазытылған марқа етін экспорттайтын кешенді ашуға 2 жыл бұрын 3 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Оның 1,5 миллиард теңгесін «Қазагроқаржы», ал қалғанын инвесторлардың өздері бөлген. Қаражат құйған «Қазагроқаржы» да, аймақтағы ауыл шаруашылығына жауаптылар да кәсіпорыннан үмітін үзбейді.

Қазіргі таңда «Батыс Марка Ламб» ЖШС кезекті өндірістік кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізу үстінде. Тамыз айының ортасынан мал сою жұмыстары қайта басталады. Қазір өнім жеткізушілермен келісімшарт дайындалған. Мекеменің қарыздарының қалай қайтарылатыны туралы ақпарат банктік құпия заңына сәйкес жария етілмейді

Берік Есенғалиев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Олардың басшыларымен сөйлесіп отырмыз. Олар өз жағынан осы зауытты болашақта жұмыс істетуге және қаражат мәселесін шешуге жұмыстанып жатыр және өздерінің тарапынан инвестор қарастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мәселелер шешілген жағдайдан кейін іске қосылады деп үміттенеміз.

"Батыс Марқа Ламб" өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Сайтында көрсетілген телефондарға жауап жоқ. Жалпы Батыс Қазақстан облысы жылына 2 222 тонна ет экспорттайды. Оның 2 мың тоннасы сиыр, 180 тоннасы - қой еті. Бірақ сала мамандары «Батыс Марқа Ламбтың» тоқырауы бұл көрсеткішке кері әсер етпейтініне сенімді.

Еркін КАРИН