Русский Сайттың толық нұсқасы

Азаматтық авиация комитеті курсанттардың білім мен біліктілігін тексереді

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2018
  • 2750

Азаматтық авиация комитеті болашақ ұшқыштарға берілген куәліктердің заңдылығын тексереді. Азаматтық авиация Академиясының былтырғы елуден астам курсанты жазғы практикадан өтуі тиіс еді. Бірақ олардың тең жартысы талапқа сай болмай шыққан. Бұл туралы арнамызға комитет төрағасының орынбасары Тоты Әмірова телефон арқылы айтты. Оның сөзінше, қалған курсанттарды ұшу сынағынан өткізу үшін тапсырыс Академия арқылы емес, шетелдік жеке компания арқылы берілген. Енді бұл іске азаматтық авиация комитеті араласып, шетелдік оқу орталықтарына хат жолдаған.

Тоты Амирова, азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

Студенттер өздерінің ұшқанын айтады. Бірақ басқа бір фирманың қызметін пайдаланған. Олар болгариялық авиациялық академияға құжаттарын жіберген. Біз кейін сол оқу орнымен хабарластық. Бірақ олар ешқандай жаттығу өткізбегенін мәлімдеді. Осыдан кейін біз Испанияға тікелей ұшып бардық. Енді олардың қандай әуе компаниясымен ұшқанын анықтаймыз.

Ал өзінің ұшуға сай екенін дәлелдеген курсанттарға тиісті құжаттары мен рұқсат қағазы жақын күндері беріледі, дейді Тоты Әмірова. Алматы облысындағы «Азем» оқу аэродромындағы қайғылы оқиғадан кейін курсанттар жазғы практиканы шетелде өткізеді. Айта кетелік, былтыр тамыз айында оқу-жаттығу ұшағы апатқа ұшырап, нұсқаушы-ұшқыш Сергей Курченко мен курсант Айдар Әбішев көз жұмған еді.