Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда жайылым жерлер мен шабындыққа шегіртке ауыз салды

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2016
  • 3956

Жамбылда жайылым жерлер мен шабындыққа шегіртке ауыз салды. Жамбыл ауданындағы шаруалар зиянкес жәндік бір айдан бері берекені қашырды деп отыр. Айтуларынша, көп шегіртке «Көделі» жайлауындағы желекті жайылымды отыз күн ішінде отап кеткен. Мамандар болса, «марокколық шегірткемен» күресуге шамаларының келмей жатқанын айтады. Жолындағысын жайпап өтетін жәндік енді басқа аудандарға бет алған. Данияр Әлімқұл толықтырады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шырылдауық жәндік Жамбыл ауданындағы жайылымдарды жайпап жатыр. Мұндағы шаруа қожалықтары мен шопандар «марокколық шегіртке» мал азығын маусым болмай қиып тастады деп қапалы. Осы «Көделіде»  көбейген зиянкес енді еңістегі егістікке жетсе, дихандар  да дүрлікпек.

«Көделі» жайлауындағы көрініс осы. Үйірлі зиянкес кәнігі көк майсадан бастап, тікен шөптерге дейін тып-типыл етіп жатыр. Мал өсірген ағайын шегіртке шабындықтың 70 пайызын жеп қойғанын айтады.

Бақытжан Байдосов, шаруа қожалығының басшысы:

Мал жайылатын жер қалмады. Енді бұл шегіртке 5-6 шақырым жер қалды, ауылға барады. Ауылдағы егістіктерді, алма бақтарды жайпайды. Көкпеңбек етін мына жақтың бәрі, тізеден шөп келетін, мықты еді жайлау.  Енді биыл қыста білмеймін не істейтінімізді.

Құрманәлі Әмірбаев, «Пионер» ауылының тұрғыны:

Мұндай пәле, масқараны бірінші рет көруім. Пәленбай қой бағып жүріп көрген емеспін. Шөптің, жердің бәрін жайпап жеп, бітіріп келеді. Мұндай бәле болмаушы еді. Дәрілеп жатырмыз дейді. Дәрілегеннен өлген шегіртке көріп жатқанымыз жоқ.

Жәндік жайлаған жерге аймақтағы арнайы мамандар да келді. Олардың айтуынша, марокколық шегіртке ең қауіпті үш шегірткенің біріне жатады. Негізі ошағы - Қаратау бөктері екен. Зиянкес үйірі облыс бойынша 6 мың гектарға тарауы мүмкін. 

Жәнібек Кеңесбеков, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы ЖОФ директоры:

Күн салқын болғаннан кейін өсу ореолы ұлғайып бара жатыр. «Доклоприд», «Комбат» деген препараттармен дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Олардың әсер ету күші шамамен 90-92 пайыз деп айтуға болады. Бұлар қазір жерде қимылдап жүргенімен, белсенділігін жоғалтып отыр.

Ал, «Пионер» ауылдық округінің әкімі болса, химиялық улау жұмыстары көңіл көншітпейтінін айтады. Жамбыл ауданы бойынша, 1290 гектар «мароккалық жәндікке», 1400 гектар «италияндық прусқа» қарсы дәрілеу жүрген. Алайда, зиянкеске сепкен дәрі зая кетуде дейді.

Самат Селеубаев, «Пионер» ауылдық округінің әкімі:

Біздің аумақты бітірдік, істеп қойдық деп отыр. Бірақ, өздеріңіз нәтижесін көріп отырсыздар, кішкене өліп, қайта тіріліп кетіп жатыр. Менің ойымша, бұл дәрінің күшінің аздығы деп есептеймін. 5 машина жұмылдырылды, екеуі «Шайхана» жақта, үшеуі осы жерде. Жұмыс жүрмей жатқан жоқ, жүріп жатыр. Бірақ артынша нәтижесі болмай жатыр.

Қазір мұнда 1 шаршы метр жерге шамамен 30-60 шегірткеге дейін келіп отыр. Химиялық улау жұмыстары екі апта бұрын басталған. Мамандар алдағы аптада шегіртке шабуылынан қауіп болмайды деп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ