Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет елдегі медициналық ұйымдарға сапасыз медициналық қызметтері үшін 2,5 миллиард теңге төлем төлемеген

  • AstanaTV
  • 08 тамыз 2018
  • 2550

Мемлекет елдегі медициналық ұйымдарға сапасыз медициналық қызметтері үшін 2,5 миллиард теңге төлемеген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлады. Мұны олар әр мекемеге арнайы сараптама жасау кезінде анықтаған. Қор жыл басынан бері елдегі медицина ұйымдарына 444,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде республика бойынша мыңнан астам ұйыммен 708,6 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан. Оның ішінде 603-і жекеменшік клиника. Биыл олардың саны былтырға қарағанда 138-ге көбейген. Бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылдан 2 есе артып, 102,4  млрд теңгені құрады.

Забира Оразалиева, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры:

Сапаның протоколдарғы сәйкестігін қарап, бақылап, егер бақылау нәтижесі оңды болып, қызмет сапасы жоғары болған жағдайда, толыққанды төлем өткізіледі. Ал сапасы жағынан олқылықтар табылып жатса, ондай жағдайда міндетті түрде 1 пайыздан 10 пайызға дейін төлем ақысының көлемі азаяды.

Елде жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсетіліп отырған жекеменшік медициналық орталықтың бірі 11 мың адамға  кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсетеді. Әр емделушіге келісімшарт жасалып, соған сәйкес ай сайын мемлекеттен төлем түсіп отырады.

Марат Мамаев, медициналық орталық директорының орынбасары:

Байқауға құжат тапсырмас бұрын, мемлекет медициналық ұйымды түгелдей тексереді. Айта кетсек, ол ұйымға тұрғындардан қаншалықты шағым түскен, әкімшілік бұзушылықтарға, қызмет көрсету сапасына назар аударады. Егер осы тексерулерден өтсек, біз бұл байқаудың тұрақты тапсырысты орындаушысы ретінде тіркелеміз.