Русский Сайттың толық нұсқасы

900 оқушыға шақталған Қояндыдағы мектепте қазір 2500 оқушы білім алады

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2018
  • 6736

Астана іргесіндегі Қоянды елді мекеніндегі мектеп 1 сынып оқушылары үшін 18 класс ашпақ. Оқу орны, 500-ге жуық бала мектеп табалдырығын айттайды, деп отыр. Ал Астанада 20 мың бала бірінші сыныпқа барады. Бірақ білім ошақтарында орын жоқ. Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалғанда мәселе қалай шешіледі? Сабина Мәдиқызы анықтады.

Қазір Қояндыда 25 мыңнан аса халық тұрады. Жыл сайын мұнда алыс-жақыннан 2 мың адам қоныс аударады. Солардың бірі - Айнагүл Баскөзина 7 жасар ұлы Төребекті 1 сыныпқа бергелі отыр. Алайда мектептен сапалы білім аларына күмәнмен қарайды.

Айнагүл Базкөзина, ата-ана:

Мен естігем 30-35 бала болады. Ол әрине көп. Мұғалімге 30-35 баланы  тыныштандыруға да қиын болады. Сол проблема бізде Қояндыда. 2 мектеп болса, сол жақсы болушы еді.

Қояндыдағы жалғыз мектеп осы. 900 оқушыға шақталған ғимаратта екі жарым мыңға жуық бала оқиды. Оқу басталғанша бұл сан әлі артады. Биыл 500-дей бала бірінші сыныпқа барғалы отыр.

Сабина Мәдиқызы, тілші:

Тура 2 аптадан кейін мұнда 1 классқа 17-18 сынып болады деп жоспарланып отыр. Алайда бұл сан әлі нақты емес. Өйткені 1-сыныпқа құжат қабылдау осы айдың соңына дейін жүргізіледі. Ал мектеп әкімшілігі болса, қазірден бастап кабинеттерді дайындау жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.

Ал мектеп директоры білім алуға келген баланы қайтара алмаймыз дейді.

Бақытжан Сәтбаев, Қоянды орта мектебінің директоры:

Былтыр бізде 15 класс бітірген 1 сыныпты. Бұл 420 оқушы, ал биыл 450-500 бала болып қалады деп отырмыз. Өйткені келіп жатқан оқушылар көп. Көшіп келгендер бар. Олай болса 16 не 17 класс болуы мүмкін.

Ал шенеуніктер мәселе мына бос жерге екінші мектеп салынған соң шешіледі деп отыр. Бюджеттен қаражат бөлінген. Оның жобалық құжаты дайын көрінеді

Оразбай Сәлменов, Қоянды ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы:

Үш қабатты 1200 орындық мектеп болады деп отыр. Оның құны екі миллиард 650 миллион болады. Мектеп құрылысын биыл бастап, ендігі жылы мектепке дейін бітіруді жоспарлап отырмыз.

Астанада да жағдай осоындай. Биыл бірінші сыныпқа 20 мың бала барғалы отыр. Ал мектеп жетіспейді. Сапалы білім беретін мектептерге сұраныс тіпті артқан. №60 мектеп бірінші сынып оқушылары үшін 10 класс ашқалы отыр. Бала лық толғандықтан оқушылардың бір бөлігі басқа ғимаратта білім алмақ.

Айман Дюсенова, Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейінің директоры:

Соңғы 4 жыл бойы біздің мектеп бала саны өте көп болды. Мәселен, былтыр бізде 3500-ге жуық бала мектепті аяқтады. Дәл қазіргі кезде 400-ге жуық оқушының құжаттары қабылданды. Және біз 1 сыныпқа қатарынан 10 классты әзірлеп отырмыз. Сондықтан бала санының тым көптігіне орай бізге білім басқармасы қосымша ғимарат береміз деп шешті. Екінші жаңа нысан Абай және Күмісбек көшесінде орналасқан.

Бала саны саны көп 27,31, 59, 75 сынды бірнеше мектепке де қосымша ғимараттар бермек. Әкімдік білім сапасы жоғары мектептердегі мәселені осылай шешпек.