Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отан" партиясының депутаттары баспана алушылар үшін орталық ашуды ұсынды

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2018
  • 3112

Баспана алушыларға бір орталықтан қызмет көрсетілуі тиіс. Бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған «ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов осындай ұсыныс айтты. Мәжілісменнің айтуынша, баспана ала алмай дал боп жүрген бұқара үшін арнайы орталық ашылуы тиіс. Ал, ол орталықта пәтер алу үшін қандай құжаттар қажеттігін, әрі қай жерден қандай үй алу қолайлы болатынын түсіндіретін мамандар болуы тиіс. Бүгін Қоғамдық кеңес мүшелері Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында шаһар шетінен жаңадан бой көтерген 15-ші шағын ауданның құрылысымен танысқан болатын. Мұнда қазір 7-20-25 бағдарламасы бойынша 5 қабаттан тұратын 800 пәтерлі 10 үй пайдалануға берілуге дайын. Олар тек өз иелерін күтіп тұр. Ал, мұндай үйлер салынып жатқанынан мүлде бейхабар адамдар да бар. Сондықтан арнайы орталық ақпарат көзіне айналуы тиіс. Қазір қала бойынша 15 мың 300 адам пәтер кезегінде тұр. Шағын аудан үйлері күзге салым «7-20-25» бағдарламасы аясында 9 мың тараздық тұрғынды баспанамен қамтымақ.  Бұл көрсеткіш пәтер кезегінде тұрғандардың 58,8 пайызын қамтиды.

Әбдіманап Бектұрғанов, «ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын" іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:

Республикамыздың кез-келген жерінде үгіт-насихат жұмыстарын жасау үшін бір орталық болса. Орталыққа кез-келген азамат келіп,  заңгері бар, үй беретін құрылыс мекемелерінің мамандары болады, құжаттарды қалай тапсыруға болады, қай жерден алуға болады және осы жинақталған құжатты алып банкіге өткізуге мүкіндіктер болады. Кейбір кезде кейбір азаматтар аламыз деп жатыр, бірақ оны қалай алу механизмдерін білмей жатқандар бар.

Ал президенттің төртінші бастамасы бойынша төмен пайызбен 18 млн теңге несие алған «Лесняк» сүт өнімдерін шығаратын шаруашылықта күніне 14 тонна сүт өнімдерін шығарып, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жатақханамен қамту бастамасы бойынша биыл 200 студент жатын орынмен қамтылмақ. Жамбыл облысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға барлық мүмкіндіктер бар!