Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде уланған ірі қараның азығы өзге қожалықтан сатып алынған

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2018
  • 2518

Ақтөбеде жаппай қырылған ірі қараның азығы басқа шаруашылықтан сатып алынған. Енді улы шөпті қандай шаруашылық дайындағаны анықталып жатыр. Бұл туралы "Актеп" шаруашылығының бөлім басшысы телефон арқылы хабарлады. Шығынға ұшыраған шаруашылықта он екі мыңнан астам ірі қара бар. Сондықтан өздері дайындаған шөпті жеткізе алмай, елу шақты басқа қожалықтан мал азығын сатып алған. Бірақ шөп жегеннен соң мал іштері ісіп, жаппай құлай бастапты. Осыған орай шаруашылықта  құзіреті мамандардың қатысуымен өзіндік қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Рустем Вахитов,  «Актеп» ЖШС бөлім басшысы:

Біз өзімізде мал азығын дайындаймыз және бізге басқа елу шақты шаруашылықтар дайындап сатады. Тап осы  мал уланған азықты біз сатып алған едік. Қазір қай шаруашылық әкелгені анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Хромтау ауданы Қопа аулыныдағы шаруашылықта екі жүз елуден астам ірі қара бір түнде қырылып қалды. Республикалық сараптама сиырлар мал азығының арасындағы улы арам шөптен уланғанын анықтады. Өлекселер екі күн ішінде толықтай жойылған. Мал иесі асыл тұқымды малды қасақана улады деген полицияға арыз түсірген. Бірақ Ішкі істер департаменті мамандары қылмыстық құрамының болмауына байланысты іс қозғалмағанын хабарлады.