Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте астық пен ұн өнімдері тасымалы мәселесі талқыланды

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2018
  • 2730

Биылғы астық тасымалы кезінде көрші елдерден вагондар алынуы мүмкін. Мұны бүгін Шымкенттің ұн өндірушілеріне «Қазақстан темір жолы - Жүк тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Мұхтар Жамбулов айтты. Оның сөзінше, биыл астық пен ұн тасымалында қиындық болмайды. Сонымен қоса тапшылық туындамай, тұрақтылықты сақтау үшін кәсіпкерлерге вагондар арнайы бекітіліп берілетінін айтты. "Қазақстан темір жолы" компаниясы өкілінің дерегінше, қазір астық тасымалдайтын 12 мың арнайы вагон бар. Соның 8 мыңнан астамы жабық вагон. Бұл жеткілікті деп отыр. Егер өткен жылдағыдай қажеттілік туындай қалса, көрші елдерден тартылмақ. Айта кетейік, "Қазақстан темір жолының" дерегінше, жыл басынан бері 6 млн тоннадан астам астық тасымалданыпты. Жыл соңына дейін тағы 4,5 млн тонна бидай жеткізу жоспарда тұр.

Мұхтар Жамбулов, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ бас директорының операциялық қызмет бойынша орынбасары:

Ең басты мәселе - жүк тиеу жұмыстарын біркелкі, бірқалыпты қылсақ болды. Жаңағыдай күзде ғана тасымалдау болып, ал қалған уақыттарда тасымал болмаса, содан болады вагон тапшылығы, локомотив. Бүгінгі таңда бізде локомотивтер де, вагондар да жеткілікті. Тек оны дұрыс орынды қолдану керек.

Негізгі экспорт Ауғанстанға жөнелтілмек. Алайда ол жақта вагондарды босату жағында қиындық көп. Тасымалға бір кедергі сол көрінеді. Астық пен ұн тасымалы маусымына дайындық мәселесін талқылау кезінде кәсіпкерлер бірқатар кедергілерді шешуді сұрады. Ұн өндірушілер вагондардың дер кезінде босамауына тепловоздар тапшылығы себеп десе, тағы бір кедергі элеваторлар сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемеуі деп қосты. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері бұл мәселені жауапты мекемелер алдында көтереміз деп отыр. Алайда "Қазақстан темір жолындағылар" тепловоздарға қатысты сын қисынсыз деп отыр. Бірақ кемшіліктер анықталса, қатаң шара қолданбақ.