Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік қызметкерге құмар ойындар ойнауға заңмен тыйым салынбаған

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2018
  • 4549

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атыраудағы департаменті Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаевқа қатысты тексеріс жүргізбейді. Бұл туралы департамент басшысы айтты. Өйткені оқиға 2014 жылы болған. Оның үстіне Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеріс жүргізіп, құқықтық баға берген. Әдеп кеңесінің төрағасы Заңда және Президент қол қойған Әдеп нормаларында "мемлекеттік қызметкер казино немесе сауық ойындарын ойнамауы тиіс" деп айқын жазылмағанын айтты.

Тоқтамыс Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстық департамент басшысы:

Ол құқыққорғау органының қызметкері. Сондықтан оның қызметі, оның жұмысы құқық қорғау саласындағы заңдармен реттеледі. Бұл тікелей «Мемлекеттік қызмет туралы заңның» талаптарымен реттелмейді. Бұл мәселеге байланысты құқықтық баға берілген. Сондықтан қосымша оған комментарий беру қазіргі кезде артық деп ойлаймын. Ол біз бақылайтын сала ма, біз бақыламайтын сала ма, дегенмен де мемлекеттік қызметші өз өмірінде, жұмыс кезінде, жұмыстан тыс уақытында қашанда қоғам жағынан сын айтылатын жағдайға түспеу керек. 

Айта кетейік, Атырау облыстық ішкі істер департаменті басшысының Минск казиносында жүрген бейнекадрлары әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда Аян Дүйсенбаевтың 1 миллионнан аса доллардан ұтылғаны жазылған. Алайда, Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, аймақтың бас полицейінің ойынға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол шетелде демалыс кезінде ішімдік ішкен жолдасын казинодан алып кету үшін келсе керек. Ал министрлік 2014 жылы болған оқиға кезінде казиноға жұмсалған қаражаттың жолдасының есепшоты мен картасынан алынғанын анықтаған.